14 ақпанда Burabay Ice 2026 халықаралық мұзда жүгіру жарысы өтеді

Фото: qaztourism

АСТАНА. KAZINFORM – 14 ақпанда Бурабай ұлттық табиғи паркі аумағында қалың мұз айдынында жүгіруден дәстүрлі Burabay Ice 2026 халықаралық жарысы өтеді. 

Қысқы маусымдағы бұл спорттық фестиваль 2026 жылға арналған іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бүгінгі күнге дейін жарысқа 500-ден астам спортшы тіркелген. Қатысушылар арасында Қазақстанның түрлі өңірлерінен бөлек, Франция, Ұлыбритания, Венгрия, Канада, Ресей, Өзбекстан, Жапония, Жаңа Зеландия және Перу елдерінен келген трейлраннинг өкілдері мен экстремалды жүгіруді таңдаған туристер бар.

Мұз айдынындағы жарыс 7, 14 және 21 шақырым қашықтықтар бойынша өтеді.

Аталған іс-шара Бурабай курортының көркем табиғатында белсенді демалыс ұйымдастыруға мүмкіндік беріп, өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.

2026 жылға арналған күнтізбеге мәдени, этномәдени, спорттық, гастрономиялық және экологиялық бағыттағы іс-шаралар енгізілген.

Толық ақпарат пен іс-шаралар күнтізбесі QazTourism платформасында қолжетімді.

Айта кетейік, бұған дейін Бурабай ұлттық паркіне кіру тарифі өзгеретіні хабарланды.