15 мыңнан астам павлодарлық сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ертіс-Баян өңіріндегі денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға 4,6 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа өңірдің ауылдық жерлерінде жаңадан 30 медициналық нысан салынады.
Ауылдық жерлерде дәрігерлік амбулаториялар, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт және 23 медициналық пункт тұрғызылады. Нысандардың дені Успен, Аққулы аудандары мен Ақсу қаласының ауылдық аймағында орналасады.
— 30 жобаның 28-і бүгінде мемлекеттік сараптаманың оң нәтижесін алып, 10 жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарына жарияланған конкурстар аяқталды және мердігер ұйымдар анықталды. 11 сәуірде құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Сегіз жоба бойынша 10 шілдеге дейін құрылыс жұмыстары аяқталуы керек. Тағы 18 жоба бойынша мердігерді анықтау үшін конкурстық процедуралар жүргізіліп жатыр, -деп хабарлады Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Бұйрашев.
Аталған жобалардың нәтижесінде өңірде жаңадан 68 жұмыс орны құрылады. Дейтұрғанмен облыста медициналық қызметкерлер бойынша мұқтаждық сақталып отыр, әртүрлі бейіндегі 167 маман қажет. Шалғай ауылдарға жас мамандарды тарту үшін оларға 8,5 млн теңгеге дейін көтерме жәрдемақы, үй сатып алуға 0,1%-бен несие ұсынылып отыр.
Қазіргі уақытта Ертіс-Баян өңіріндегі денсаулық сақтау саласында 7,5 мың адам еңбек етіп жатыр.
Еске сала кетейік, 90 мыңнан астам ауыл тұрғыны «Саламатты Қазақстан» пойызынан медициналық көмек алды.
Фото: