15 сәуір күні 8 облыста үсік жүруі мүмкін

Фото: Фото: Pixabay

АСТАНА. KAZINFORM — «Қазгидромет» РМК  ел аумағында 15 сәуірде болатын қауіпті метеорологиялық құбылыстарға болжам жасады. 

Дерекке қарағанда, атмосфералық фронтальды бөлімдер Қазақстанның көп бөлігіне өз ықпалын сақтап, күн күркірейді.

- Күндіз еліміздің оңтүстік-батысында қатты жаңбыр жауады, түнде шығысында қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар), солтүстігінде, шығысында жауын-шашын (жаңбыр, қар) түседі. Тек республиканың батысында, оңтүстігінде жауын-шашынсыз ауа райы болжанады. ҚР бойынша жел, тұман күшейюі мүмкін, - деп жазады синоптиктер.

Күндіз Жетісу облысының Алакөл ауданында 30 м/с және одан аса қатты жел күтіледі.

Түнде Солтүстік Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде, Қостанай облысының батысында, Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында, Ақтөбе облысының солтүстігінде, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының және Абай облысының шығысында 3 градус үсік жүреді.

Түнде Ақмола облысының батысында, орталығында топырақ бетінде 2 градус үсік болады.

Айта кетейік, СҚО алқаптарында биыл ылғал қоры жеткілікті.