Астана қаласы прокурорының көмекшісі Нұрдәулет Абуов атап өткендей, Қазақстанның қылмыстық заңнамасы пара алу немесе пара беру үшін ғана емес, сонымен қатар парақорлықта делдал болу, қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану, билікті немесе қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану, сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп алу және басқа да заңсыз әрекеттер үшін жауапкершілікті көздейді.
— Сонымен қатар, заң пара алу және ұсыну үшін қатаң жауапкершілікті белгілейді. Бұл қылмыс үшін ең жоғары жаза - 15 жылға бас бостандығынан айыру. Мұнымен қоса, заңда мүлік тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқаруға немесе белгілі бір кәсіби қызмет түрлерімен айналысуға өмір бойына тыйым салу көзделген. Осылайша, сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыс жасау тек бас бостандығынан айыруға ғана емес, сондай-ақ ауыр қаржылық және кәсіби салдарға да әкелуі мүмкін», - деді Нұрдәулет Абуов Астана қаласының коммуникациялар қызметіндегі брифингіде.
ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабына сәйкес, пара алу – лауазым иесінің өз қызметтік өкілеттігін пайдалануға байланысты белгілі бір әрекеттерді жасағаны үшін ақшаны, мүлікті, мүліктік құқықтарды заңсыз алуы. Пара тікелей немесе делдал арқылы берілуі мүмкін.
Заңсыз сыйақы құжаттарды қарастыруды жеделдету, белгілі бір шешімдердің қабылдануына ықпал ету, мемлекеттік сатып алу кезінде артықшылықтарға ие болу немесе жауапкершіліктен құтылу мақсатында ұсынылуы мүмкін.
ҚР Қылмыстық кодексінің 367-бабы пара беру үшін жеке қылмыстық жауапкершілікті белгілейді. Жауапкершілікке заңсыз сыйақыны алған лауазымды иесі ғана емес, сондай-ақ белгілі бір мәселені шешу мақсатында оны берген адам да тартылады.
Мысалы, әкімшілік хаттама толтырылуының алдын алу үшін полиция қызметкеріне немесе заңсыз артықшылық алу мақсатында мемлекеттік қызметшіге ақша беру де қылмыстық құқық бұзу дерегі ретінде саналады.
Айта кетейік, биыл 11 қарашада «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Н. Жақыпов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Е. Отыншиев және сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген өзге де адамдар ұсталды.