ҰҚК «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшылары ұсталғанын растады
АСТАНА. KAZINFORM — «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Н. Жақыпов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Е. Отыншиев және сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген өзге де тұлғалар ұсталды. Бұл туралы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарлады.
— 2026 жылғы 11 қарашада ҚР ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Н. Жақыповты, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Е. Отыншиевті және сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген өзге де тұлғаларды ұстады, — деп жазылған ресми хабарламада.
Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы туралы өзге ақпарат жария етілмейді.
— Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтау аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары жалғасып жатыр, — дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі.
Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» қорының ірі инвестициялық жобаларын жүзеге асыру мерзімдерінің бұзылуын сынаған еді.
Премьер-министр қор мен еншілес компаниялар басшылығына жобалардың уақытылы аяқталуын бақылауды күшейтуді тапсырды.
Сондай-ақ «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов жаңа энергетикалық қуатты салу және пайдалануға беру мерзімінің сақталуын жеткілікті деңгейде бақыламағаны үшін қызметінен босатылды.