Ксения Володина брейдингпен, яғни шаш өру өнерімен бала кезінен айналыса бастаған. Алғашқыда бұл оның хоббиі болған. Кейін екі жыл бойы үй жағдайында тапсырыс қабылдап, өздігінен тәжірибе жинаған.
— Алғашқы жұмысымды өзімнің және құрбыларымның балаларына жасадым. Әрине, ол кезде жасаған шаш үлгілері қазіргі жұмыстарымнан әлдеқайда өзгеше болды, — дейді шебер.
Ол шаштараз-модельер мамандығын меңгерген. Алайда шаш сәнінің басқа бағыттарын да байқап көргенімен, өзінің негізгі бағыты ретінде брейдингті таңдаған.
— Бәрін байқап көрдім, барлығына оқыдым. Бірақ жаным шаш өруге жақын. Дәл осы бағыт арқылы одан да ерекше дүние жасай алатынымды түсіндім, — деді Ксения Володина.
Шебердің айтуынша, кәсіби деңгейде оқуға 2022-2023 жылдары белсенді кіріскен. Бұған оның қызметіне қызығушылық танытып, «оқытасыз ба?» деп жиі сұрайтын адамдардың өтініші себеп болған. Ксения үшін халықаралық чемпионаттар кәсіби дамудың маңызды кезеңіне айналған. Оның айтуынша, байқауларда коммерциялық және шығармашылық шаш үлгілерінің айырмашылығы бар.
Мәселен, күнделікті тапсырысқа арналған шаш үлгісін жасауға шамамен 40 минуттан бір сағатқа дейін уақыт кетеді. Ал чемпионаттағы шығармашылық жұмыстар бірнеше сағатқа созылады. Мұнда шашқа түрлі өрнек пен күрделі композиция түсіріліп, жұмыс байқаудың тақырыбына сай жасалады.
— Чемпионаттар арқылы тез дамуға болады. Бұл — өзіңді кәсіби тұрғыда көрсетуге мүмкіндік беретін үлкен трамплин. Үш жылдың ішінде брейдинг әлемінде танымал болдым, — дейді Ксения Володина.
Шебердің ерекше идеялары бірден пайда бола бермейді. Кейбір образдарды бірнеше жыл бойы ойында сақтап жүреді. Музыка тыңдап отырып белгілі бір бейнені елестетуі де мүмкін. Ал қазақы ою-өрнекті шаш үлгісіне енгізу идеясы балаларға арналған бояйтын кітап арқылы келген. Ксения қазақтың ұлттық нақыштарын бейнелейтін суреттерді қарап, оларды шаш арқылы қалай көрсетуге болатынын ойластырған.
Ол ең алдыменшығармашылық жұмысты алдымен қағазға түсіреді. Кейін арнайы манекенге жасап көреді. Тек композиция көңілінен шыққан соң ғана модельдің шашына көшеді. Себебі адамның бас пішіні, шаш құрылымы және шаштың өсу сызығы әртүрлі болғандықтан, дайын жұмысты модельге дәл қайталау оңай емес.
Шебердің ең күрделі тәжірибелерінің бірі Сочиде өткен әлем чемпионатымен байланысты. Ол жерде жұмыстарды байқау кезінде тікелей жасау қажет болған.
— Былтыр Сочи қаласында Георгий Коттың атынан өткен әлем чемпионатындағы жұмысым үлкен тәжірибе болды. Себебі барлық жұмысты сол жерде орындау керек еді. Түні бойы шаш өреп, таңертең дайын жұмысты таныстыратынбыз. Уақыт өте шектеулі болды. Онлайн чемпионаттарда өзіме ыңғайлы жағдайда жұмыс істеп, оны кейін асықпай суретке түсіретінмін. Ал Сочиде әр жұмысты екі күн қатарынан шамамен 16 сағаттан өруге тура келді. Үш номинацияға қатыстым, оның екеуі модельдерге жасалатын шығармашылық, фантазиялық бағыттағы жұмыстар болды. Жалпы сол кезеңде шамамен 45–50 сағат қатарынан ұйықтамадым, — деді Ксения Володина.
Жұмыс бірден ойдағыдай шыға бермейді. Шебердің айтуынша, шығармашылық жобаларды бірнеше рет қайта жасауға тура келеді. Ксения Володинаның жұмысы ONESHOT Hair Awards 2026 байқауында Intricate Braids & Twists номинациясында үздік бестікке енді. Бұл номинацияда шаш өру техникасы, шығармашылық шешім және жұмыстың көркемдік орындалуы бағаланады. Бұл композиция бұған дейін ТМД чемпионатында бірінші орын алған.
— Басында таңқалдым. Атыраудан шыққан брейдер ретінде әлемдегі үздік бес шебердің қатарына кіремін деп ойламадым. Әсіресе, жұмысымды адамдардың өздері бағалап, дауыс бергені қатты әсер етті. Мен үшін тегіммен бірге Қазақстанның аталуынан асқан мақтаныш жоқ, — деп толықтырды атыраулық шебер.
Оның айтуынша, халықаралық байқаудағы нәтижеден кейін әлеуметтік желідегі аудиториясы да артқан. Жұмысын Threads желісінде жариялағаннан кейін ол кеңінен таралған. Осыдан кейін шеберге еліміздің әр өңірінен оқуға қатысты ұсыныстар мен сұрақтар түсе бастаған.
Қазір Ксения Володина онлайн оқыту курсын дайындауды жоспарлап отыр. Сонымен бірге ол халықаралық деңгейде жаттықтырушы мәртебесін алды.
Шебердің ендігі мақсаты — сәнгерлермен және дизайнерлермен бірлесіп жұмыс істеу, ұлттық стильдегі образдар жасау. Оның бұл арманы жақын уақытта жүзеге асуы мүмкін.
Ксения Володина Қазақстан құрамасының брейдинг бағыты бойынша жаттықтырушысы ретінде алдағы халықаралық іс-шараға қатысады. Оның айтуынша, қарашажа Астанада шаштараз өнері индустриясындағы халықаралық іс-шара өтеді. Оған әлемнің кемінде 40 елінен өкілдер келіп, Қазақстан құрамасы ұлттық стильдегі заманауи шоу ұйымдастырмақ. Атыраулық шебер осы жобада бірнеше образ жасауды жоспарлап отыр.
Бұған дейін елімізде шаш қию қызметінің ақысы бір-бірінен алшақ екенін жазған едік. Оған әсемдік салонының мәртебесі, кәсіби шебердің деңгейі мен шаштың ұзындығы, қалыңдығы әсер етеді.