— «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының жеңілдетілген кредиттеу, субсидиялау және кепілдік беру құралдары 2019–2026 жылдар аралығында 176 716 бизнес-жобаны қамтыды. Берілген кредиттердің жалпы сомасы — 10,2 трлн теңге, — делінген хабарламада.
Сонымен бірге, мемлекеттік қолдау бағдарламаларын іске асыру кезеңінде (2019-2025 жылдары) кәсіпкерлер шамамен 695 мың жұмыс орнын сақтап, 60,5 мың жаңа жұмыс орнын ашты. Одан бөлек, 128 трлн теңгенің өнімін өндіріп, бюджетке 8,5 трлн теңге салық төледі.
— 2025 жылғы маусымда «Өрлеу» жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы іске қосылды. Бағдарламада банк капиталының үлесі қаржыландырудың жалпы көлемінің жартысынан асады. 2025 жылғы сәуірден бастап «Даму» қорының базасында ШОБ-қа және ірі инвестициялық жобаларға арналған екі жаңа кепілдік қоры жұмыс істей бастады. Ал 2025 жылғы желтоқсанда ауылдар мен шағын қалаларда өңірлердің ерекшеліктерін ескере отырып, микро және шағын бизнесті дамытуға бағытталған «Іскер аймақ» бағдарламасы іске қосылды, — деп мәлімдеді министрлік.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде шағын және орта бизнестегі жұмыс орындарының саны 36,7%-ға өскенін жазғанбыз.