18 қарашада Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақорданың Facebook желісіндегі ресми парақшасында онлайн-брифингте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Дәурен Абаев «BNews» ақпараттық агенттігінің сауалына жауап берді.

«Апта басынан Мемлекет басшысы бірқатар кездесулер өткізді, ал бүгін «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізуге дайындық барысы жөніндегі кеңес өтті. Елбасының алдағы күндерге жұмыс кестесі қандай?» деген сауалға Дәурен Абаев былай деп жауап берді: «Ертең, 18 қарашада, Нұрсұлтан Әбішұлы Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізеді. Іс-шара барысында 2015 жылдың әлеуметтік-экономикалық аралық қорытындылары шығарылып, әлемдік экономикадағы дағдарыстық үрдістер ескеріле отырып алдағы кезеңге арналған негізгі жоспарлар қаралатын болады. «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарын, сондай-ақ индустриялық және инфрақұрылымдық бағдарламаларды жүзеге асыру жағдайы талқыланады деп жоспарланған. Халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына жаңа жағдайға байланысты қолдау көрсету шараларына ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен бірге, отырыстың күн тәртібіне инвестициялық тартымдылықты арттыру және жекешелендіру жұмыстарын одан әрі жүргізу мәселелері шығарылатын болады.

Сондай-ақ 20 қараша күні Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Мұхаммед Ашраф Гани ресми сапармен Астанаға келеді деп күтілуде. Екі ел басшыларының келіссөздері барысында аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне басты назар аударылады. Өзге мәселелерге тоқталар болсақ, сауда-экономикалық, білім беру, көлік-логистикалық салалардағы ынтымақтастықты атап өтуге болады».