2 млн-ға жуық азамат ЖРВИ жұқтырды — ДСМ

Фото: pexels.com

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде 2 млн-ға жуық адам жедел респираторлық вирустық инфекция жұқтырды. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысынан кейін Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев айтты. 

— Маусымдық өсім бар. Бүгінде шамамен 2 млн адам жұқтырды. Бұл күз-қыс маусымындағы жағдай. Сырқаттанушылық өткен жылғы эпидемиологиялық маусыммен шамалас. Негізгі штамдар — түрлі ЖРВИ, паратұмау. Оның ішінде полимеразды-тізбекті реакция зерттеуі барысында шамамен 1 200 тұмау штамын да анықтадық, — деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның айтуынша, еліміздің Бас санитарлық дәрігерінің адамдар қай жерде бетперде тағуға кеңес берілетіндігіне қатысты ұсынымы бар.

— Аталған қаулыдағы бетперде тағу талабы емханалар мен ауруханаларда медицина қызметкерлері үшін міндетті. Ал басқа қоғамдық орындарда ұсыным түрінде ғана, — деді бірінші вице-министр.

Бүгін астаналық дәрігер ЖРВИ-ға байланысты ата-аналарға үндеу жасаған еді.