2 млн-ға жуық экологиялық акция: Қазақстанда эко-волонтерлік күшейтіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жұмыстар күшейтіледі. 2026 жылдың басынан бері экологиялық акцияларға 2 млн-ға жуық жас қатысып, елде 2 мыңнан астам жастар іс-шарасы өткізілді. Бұл туралы Үкіметте өткен кеңесте айтылды.

Фото: Ақорда

Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі жұмыстар бірнеше бағыт бойынша жүргізіліп жатқанын баяндады, олар — ақпараттық сүйемелдеу, жастар мен еріктілерді тарту, азаматтық бастамаларды қолдау және қоғамдық қатысуды дамыту.

Фото: Үкімет

Жылдың басынан бері экологиялық акцияларға 2 млн-ға жуық жас қатысты, 2 мыңнан астам жастар іс-шарасы өткізілді. Мемлекеттік қолдаумен ҮЕҰ-ның 60-қа жуық әлеуметтік жобасы, оның ішінде 34 экологиялық бағыттағы жоба жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде 3 қалада мамандандырылған эко-хабтар жұмыс істейді: Алматы, Астана және Қарағанды. Олар азаматтарды экологиялық күн тәртібіне жұмылдырудың тиімді құралы ретінде әрекет етеді. Волонтерлік қозғалысты дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы және экологиялық волонтерліктің жеке бағдарламасы әзірленуде. Күнделікті экологиялық әдеттерді дәйекті түрде қалыптастыру жөніндегі жұмыс күшейтілетін болады.

Жекелеген бағыт ретінде халыққа көрсетіліп жатқан ауқымды мемлекеттік қолдауды ақпараттық тұрғыдан жария ету жұмыстары жүргізілуде. Жұмысты одан әрі күшейту жөніндегі шаралар баяндалды.

Премьер-министр әлеуметтік қолдау, медициналық көмек және білім беру саласындағы кешенді жұмыс мәселелері халық арасында ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуді талап ететінін атап өтті. Сонымен қатар қоғамда жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру бойынша нысаналы ақпараттық жұмысты ұйымдастыру тапсырылды.

Бұған дейін Қазақстанда тазалықтың ұлттық стандарты пайда болатынын жаздық.