20-дан астам учаске жабық: ІІМ көлік жүргізушілеріне үндеу жасады

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің бірқатар өңірінде қолайсыз ауа райы жағдайына байланысты ІІМ барлық жүргізуші мен жаяу жүргіншілерді жол ережесін қатаң сақтауға шақырды.

Қазір 20-дан астам учаске жабық, олар: Абай, Ақтөбе, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Карағанды, Қостанай, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстары.

— Жолда жүру қағидаларын, соның ішінде ауа райына сәйкес жылдамдық режимін қатаң ұстаныңыздар. Алдыңызда келе жатқан көлікпен арақашықтықты ұлғайтыңыздар. Ауа райы жағдайына байланысты апаттық жарық белгілерін қосыңыздар. Маневр жасау мен жолақ ауыстырудан бас тартыңыздар. Шұғыл шаруа болмаса, алыс сапарлардан уақытша бас тартқан жөн. Жоспарланған бағыттарды кейінге қалдырған жөн болады. Жолға шығу қатты қажет болған жағдайда, жүріс бағытын мұқият жоспарлап, көлік құралының техникалық жағдайын тексеріңіздер. Уақытылы қабылданған сақтық шаралары жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді, — деді ҚР ІІМ ӘПК-нің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Естеріңізде болсын, жолдағы қауіпсіздік әрқайсымызға байланысты. ️ Жол жағдайы туралы жедел ақпаратты әлеуметтік желілерден және “112” қызметінің хабарламаларынан біле аласяздар.

Бұған дейін екі облыста жол жабылғанын жазған болатынбыз.