20 жылға созылды: Петропавлдағы кәріздік тазарту құрылысын жаңғырту жобасы аяқталар емес

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдағы кәріздік ағын суларды тазарту жүйесін жаңғырту жобасы 20 жылдан бері аяқталмай келеді. Бұл инфрақұрылым өңір экологиясы үшін маңызды нысандардың бірі.ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Kazinform тілшісінің осы мәселеге қатысты сұрауына жауап берді. 

– Петропавлда кәріздік ағын суларды тазарту мәселесін шешу мақсатында 2005 жылдан бастап жұмыс жүргізіліп жатыр. Жергілікті атқарушы органның мәліметі бойынша, қолданыстағы КОС-қа зерттеу жүргізіліп, техникалық тапсырма әзірленіп, «ҚазОрталық ТКШ» мекемесіне келісуге жолданған. Бұл келісімнен кейін ғана жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу үшін бюджеттік өтінім берілмек. Петропавл қаласы әкімдігі жобалық-сметалық құжатты әзірлеуге қаржы бөлу үшін баға ұсыныстарын жинау жұмыстарын жүргізіп жатыр, - делінген ресми жауапта.

Министрліктің мәліметінше, 2024 жылы Солтүстік Қазақстан облысының экологиялық мәселелерін кешенді шешу жөніндегі Жол картасы аясында ұзындығы 2,17 км болатын коллекторларға күрделі жөндеу жүргізілген. Қазіргі уақытта Петропавлдағы КОС-тың технологиялық схемаларын жаңғыртуды аяқтау бойынша жұмыс атқарылып жатыр. Бұдан бөлек СҚО-ның 2023–2025 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында 2023 жылы КОС-ты, І-ІІІ кәріздік сорғы станцияларын және магистральдық құбырларды үш кезең бойынша қайта жаңарту жобасы әзірленді.

– Сонымен қатар Саумалкөл ауылында КОС-ты қайта құру және Шал ақын ауданының Сергеевка қаласында кәріз желілері мен тазарту құрылыстарын салу көзделген. 2018 жылы Сергеевка қаласында кәріз желілері мен тазарту құрылыстарын салу жобасы әзірленді. Қазіргі уақытта жобалық ұйым – «ТС-Индустрия» мемлекеттік сараптама алмақ. Алайда Сергеевкада 8,1 мың адам ғана бар, бұл аудандық маңызы бар қала мәртебесі үшін жеткіліксіз. Сондықтан болашақта бұл елді мекен ауыл санатына ауысады. Жергілікті атқарушы орган былтыр министрлікке Сергеевка қаласын КОС жобаларын іске асырудың екінші кезеңінен алып тастау туралы хат жолдады, - дейді министрлік өкілдері. 

Ал құрылысы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы Новоишимское ауылында 2018 жылы басталған КОС құрылысы былтыр аяқталды. Бұл мақсатқа 3,2 млрд теңге жұмсалды. 

Бұған дейін Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қошқар ата көлін қалпына келтіру неге тоқтап тұрғанын айтқан еді.