200-ден астам бір реттік доза: СҚО-да есірткі таратқан тұрғын ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында синтетикалық есірткі заттарын заңсыз өткізген тұрғын ұсталды. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі жариялады.
Күдікті — Ақмола облысының 23 жастағы жұмыссыз тұрғыны.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, ол бір айға жетпейтін уақыт ішінде психотроптық заттарды «жасырын орындар» арқылы таратқан.
— Полицейлер күдіктіні Петропавл қаласындағы Набережная көшесінде ұстады. Тексеру барысында оның көзілдірік қорабынан ұнтақ тәрізді зат салынған 14 орама, сондай-ақ қалтасынан тағы 60 орама тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттың жалпы салмағы 64,1 грамм болатын α-PvP синтетикалық есірткісі екені анықталды. Нәтижесінде 200-ден 250-ге дейін бір реттік дозаның заңсыз айналымға түсуіне тосқауыл қойылды, — делінген ақпаратта.
Медициналық куәландыру нәтижесі күдіктінің психотроптық заттарды қолданғанын көрсетті. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ол 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Айта кетейік, Жамбыл облысында ірі есірткі тасымалы арнасы тоқтатылды.