2014 жылдың қорытындысы бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық 4,3 пайыз - БҒМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылдың қорытындысы бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық 4,3 пайыз болып отыр. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жобасы талқылау барысында Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов осылай мәлімдеді.

Жиын барысында сенатор Бірғаным Әйтімова жастар мәселесі туралы айта келе, бүкіл әлемде жастардың жұмыссыздығы өзекті болып отырғанын жеткізді. «Экономист» журналының бағалауы бойынша 2012 жылы Жер шарындағы 290 млн. жас азаматтар оқу да оқымаған, жұмыс та таппаған. Бұл тұрақтылыққа белгілі бір қауіп төндіретін халық жігі. Ал біздің елімізде 2013 жылы 350 мың жас азамат жұмыссыз болыпты. Менің ойымша, бұл толық көрсеткіш емес, күмән бар. Дегенмен, жастардың осынша бөлігінің жұмыссыз болуы дұрыс емес», - деген сенатор жастардың жұмыссыздығына қатысты мәселені заң жобасы қалай шешетінін сұраған болатын.

Өз кезегінде сенатор сауалына жауап бере келе Білім және ғылым министрі соңғы он жылда Қазақстанда жастарды жұмыспен қамту көрсеткішінде оң үрдіс орын алып отырғанын алға тартты.

«Статистикаға сүйенсек, 2000 жылы Қазақстандағы жұмыссыз жастар саны 17 пайызды құраса, бұл көрсеткіш 2009 жылы 8,5 пайыз болды. Ал 2014 жылдың қорытындысы бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық 4,3 пайыз болып отыр, яғни еліміздегі жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші алғаш рет жалпы жұмыссыздық көрсеткішінен төмендеген. Ал жалпы жұмыссыздық 5,5 пайыз шамасында. Осылайша, жастарды жұмыспен қамтуға қатысты атқарылып жатқан шаралар өз нәтижелерін беріп жатыр деген сөз», - деді А. Сәрінжіпов.

Оның айтуынша, білім беру жүйесінде жоғары оқу орындары мен колледж түлектерін жұмысқа орналастыру 75 пайызды құрайды. «2015 жылы біз ЖОО-лар мен колледждердің мәліметтер базасын зейнетақы төлеу орталығының базасымен ықпалдатыруды ойлап отырмыз. Осы арқылы біз жастардың жұмысқа орналасуы бойынша нақты мәліметтерді біле аламыз», - деді А. Сәрінжіпов.