2015-2019 жылдары 257 жобаны іске асыруға 46 мыңнан астам маман қажет

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015-2019 жылдары 257 жобаны іске асыруға 46 мыңнан астам маман қажет. Бұл туралы бүгін ҚР Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев мәлім етті.

«ҚР Инвестицялар және даму министрлігінің деректеріне сәйкес, 2015-2019 жылдары аралығында жалпы саны 257 өңірлік және республикалық жобалар іске асырылатын болады. Мұндағы кадрларға деген жалпы қажеттілік 46 600 адамды құрайды. Мәселен, техникалық және кәсіптік білім саласына келетін болсақ, «Кәсіпқор» холдингімен колледждер арасында осы колледждерді дамыту бойынша тиісті шаралар жасалды. Екінші бесжылдыққа дайындайтын мамандар пысықталды», - деді ол. Оның атап өтуінше, «Кәсіпқор» холдингі 10 колледжбен әріптестік негізінде бірлесіп, 16 жаңа оқу бағдарламасын дайындаған. Биыл жылы ілкі режімде екі колледжде, атап айтқанда, Көкшетау жоғары техникалық колледжі мен Ақтөбе политехникалық колледжінде осы бағдарламалардың 8-і енгізілетін болады. «2015 жылдың 1 қыркүйегінен бастап оқу процесіне енгізілетін оқу бағдарламаларын келісу бойынша жұмыс берушілер және кәсіподақтармен жұмыс жүргізілуде. Он іріктелген колледждердің алтауы Дүниежүзілік банк қарызы есебінен іске асырылатын техникалық және кәсіптік білімді жаңғырту жобасына грант алушылар болып табылады. Осы жоба аясында колледжер жалпы сомасы 425 млн. теңгені құрайтын замануи жабдықтармен жабдықталған», - деді Е.Иманғалиев.