2015 жылы «Болашақ» бағдарламасына 15 млрд. теңге бөлінді - А.Сәрінжіпов

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылы «Болашақ» бағдарламасына 15 млрд. теңге бөлінді. Бұл туралы бүгін Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия отырысы алдында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлім етті.

«Келесі жылға «Болашақ» бағдарламасына шамамен 15 млрд. теңге қарастырылған. Бұл қаржы шетелдің жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттердің, сонымен қатар жаңа стипендиаттардың оқу ақысын төлеуге жұмсалады», - деді министр.

Оның атап өтуінше, аталған бағдарлама бойынша жылына еліміздің 2,5-3 мың студенті шетелдік беделді жоғары оқу орындарында білім алады. «Солардың оқуына, жатын орнына, жүріп-тұруына шамамен осындай қаржы бөлінеді», - дейді ол.

Жалпы, министрдің алға тартқан деректеріне қарағанда, «Болашақ» бағдарламасы қолға алынған 20 жылдың ішінде еліміздің 10 мыңнан астам азамат шетелде сапалы білім алып қайтқан.

«Орын алу мүмкін қаржылық проблемаға қарамастан бұл бағдарлама басым болып қала береді әрі қаржыландырылады. Бүгінде біз оның қайтарымы бар екендігін көріп отырмыз. «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алғандардың барлығы да 5 жыл бойы Қазақстанда жұмыс істеуге міндетті. Егер, олар жұмыс істемейтін болса, онда оқуға кеткен қаржыны мемлекетке қайтарады. Ал олардың саны бірен-саран ғана», - деді А.Сәрінжіпов.