2015 жылы еліміздегі мектеп оқушылары арасында «Барсиада» өтетін болады - А. Мұхамедиұлы

АСТАНА. ҚазАқпарат -Білім және ғылым министрлігімен, жергілікті атқарушы билікпен бірлесе отырып, 2015 жылы елімізде «Барсиада» өткізуді жоспарлаймыз.

Бүгін Парламент Сенатында спортты дамыту мәселелеріне арналған Үкімет сағатында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы осылай мәлім етті. Еске салайық, Үкімет сағаты «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыру аясында бұқаралық спортты заңнамалық қамту мәселелеріне арналған болатын.

«Аталған шара мектептер лигасының аясында спорттың 15 түрінен өтеді. Ал бүгінгі күні Білім және ғылым министрлігі тарапынан мектептік және студенттік лигаларды қалыптастыру жұмыстары атқарылуда», - дейді А. Мұхамедиұлы.

Министрдің сөзіне қарағанда, жыл басынан бері республика аумағында 27 мың 655 бұқаралық спорттық шара өткен, соның 17 мың 811-і ауылда жүзеге асты. Аталмыш шараларға шамамен 3 млн. 363 мың адам қатысса, соның 2 млн. 200 мыңға жуығы ауыл тұрғындары.

«Шынын айтсақ, қазіргі таңда бізге спорттық ғимараттар жетіспейді, халық спортпен белсенді түрде айналыса бастады. Астанадағы спорттық ғимараттардың өзі 120 пайызға дейін жүктемемен жұмыс істеп отыр», - дейді министр.