2015 жылы қазақстандық полиция 140 келі ауған героинін тәркіледі - ІІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылы қазақстандық полиция 140 келі ауған героинін тәркіледі. Бұл туралы бүгін Мәжілісте өтіп жатқан Үкімет сағатында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті.

«Былтырғы жылы жалпы алғанда 3 мыңнан астам есірткі қылмысы ашылды, олардың ішінде 2 100-і есірткіні сатумен байланысты болып табылады. Сонымен қатар, елімізде 35,5 тонна есірткі айналымнан алынды, оның ішінде 140 келісі - ауған героині», - деді министр Қ. Қасымов.

Оның айтуынша, былтырғы жылы Ішкі істер министрлігінің айтарлықтай күші мен құралдары Шу алқабынан әзірленген марихуана мен гашиш есірткісін таратуға қарсы күреске жұмылдыруға мәжбүр болды.

«Осы мақсатта жыл сайын мамыр айынан қараша айына дейінгі аралықта Шу өңірінде ауқымды операциялар өткізіледі. Айта кетерлігі, соңғы жылдары ірі көлемдегі ауған героинінің партияларын тәркілеу жиілеп отыр», деді министр.