2016 жылы Қазақстанда үш ауысыммен оқитын мектептер 2 есе азаяды - А. Сәрінжіпов

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылы Қазақстанда үш ауысыммен оқитын мектептер 2 есе азаяды. Бұл туралы бүгін өткен ҚР Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында министр Аслан Сәрінжіпов мәлім етті.

«Орта білім беру саласында біз стандарттарды жаңалап, жаңа оқу бағдарламаларын әзірледік. Бастауыш және орта білім беру саласына арнап 120 жаңа мектеп салдық. Келесі жылы тағы 110-нан астам мектепті қолданысқа беруді жоспарлап отырмыз. Осылайша, 2016 жылға қарай апатты жағдайдағы мектептер 30 пайызға, ал үш ауысыммен оқитын мектептер 2 есеге азаяды», - деді министр.

Оның айтуынша, кәсіби-техникалық білім беру саласында ҚР БҒМ дуальді оқыту жүйесін дамытуды баста мақсат етіп отыр.

ҚР БҒМ ақпаратына сүйенсек, бүгінде Қазақстанда жалпы білім беретін 7 563 мектеп бар. 2014 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша, 50 апатты жағдайдағы мектеп пен 27 үш ауысымды мектептің мәселесі шешілген.