2016 жылы киіктердің қырылу себебін анықтау үшін ғылыми жоба қолға алынады - А.Сәрінжіпов

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылы киіктердің қырылу себебін анықтау бағытында ғылыми жоба қолға алынады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлім етті.

«Киіктің қырылуына байланысты бізде арнайы ғылыми жоба болмаған. Осындай оқиғалар 1981, 1984 жылдары орын алып, қырылған киіктердің саны 180-250 мыңға жеткен. Ең көп қырылуы 1988 жылы тіркелді. Ол кезде 440 мың киік қырылды. Бірақ ғылыми зерттеу жұмыстары жүйелі болмаған еді. Сондықтан 2001 жылы ғылыми жоба қолға алынған. Үш жылдың ішінде себептері анықталып, 6 түрлі вакцина шығарылған. Бірақ, ол жұмысты жалғастыру қажет. Клиникалық тестілеу керек. Оған 1-2 жыл кетеді. Қосымша қаржы қажет. Сондықтан біз Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, осы жобаны келесі жылдан жүзеге асыра бастаймыз деп отырмыз», - деді министр депутаттардың сауалына орай.

Айта кетерлігі, депутат Ерболат Мұқаевтың алға тартқан деректеріне сәйкес, соңғы жылдары ақбөкендердің қырылуын анықтауға республикалық бюджеттен 332 млн. теңге қаржы бөлінген.