2020 жылы Қазақстан PhD докторантура мамандарының санын 4 есеге арттырады - Б.Жұмағұлов

АСТАНА. 12 маусым. ҚазАқпарат - ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi 2020 жылға қарай PhD докторантура мамандарының санын 4 есеге арттыруды жоспарлауда.

Бұл туралы бүгiн Астанада өткен халықаралық форумда ҚР Бiлiм және ғылым министрi Бақытжан Жұмағұлов мәлiм еттi.

"Бiз ғылыми мамандарды даярлауға аса маңызды көңiл бөлудемiз. Сiздер бiлесiздер, Қазақстан әлемде қолданылып жүрген бакалавр-магистр-PhD мамандарын даярлау жүйесiне көштi. Осының арқасында ғылыми кадрлардың тез қартаю және санының азаю үдерістеріне сәттi тосқауыл қоя алдық. Ғылымға жастар тартыла бастады. Сондай-ақ елдiң ғылыми әлеуетi сапалы түрде арта түстi. Бүгiнде бiз ғылыми мамандарды даярлауды мемлекеттiң индустрияландыру бағытымен сәйкестендiрiп отырмыз. 2020 жылға қарай PhD докторантура мамандарының санын 4 есеге арттыруды жоспарлаудамыз. Осы тұрғыда бiздiң жоғары мектебiмiз өрлеу үстiнде деп айта аламыз және оның дамуына бiз әлемнiң алдыңғы қатарлы, ең озық тәжiрибесiн қолданып келемiз", - деп атап өттi министр.

Еске сала кетейiк, Астанадағы Назарбаев Университетiнде II Еуразиялық жоғары бiлiм көшбасшыларының форумы өтіп жатыр. Биыл қатысушылар жоғары бiлiм беру саласындағы жаһандық ахуал және оның аймақтағы әсерiн талқылауда.