Халықаралық футбол тарихы және статистикасы федерациясы 2023 жылдың үздік футболшысы атағына дауыс беру нәтижесін жариялады, деп хабарлайды Kazinform.
Бұл тізімде Норвегия құрамасы мен «Манчестер Сити» командасының шабуылшысы Эрлинг Холанд 208 ұпаймен бірінші орынға жайғасты.
Одан кейінгі орында Килиан Мбаппе (Франция, ПСЖ), Лионель Месси (Аргентина, «Интер Майами»), Родри (Испания, «Манчестер Сити»), Джуд Беллингем (Англия, «Реал Мадрид»), Кевин де Брюйне (Бельгия, «Манчестер Сити»), Гарри Кейн (Англия, «Бавария»), Бернардо Сильва (Португалия, «Манчестер Сити»), Винисиус Жуниор (Бразилия, «Реал Мадрид»), Лаутаро Мартинес (Аргентина, «Интер») келеді.
Федерация аталған атақты 1988 жылдан бері тағайындап келеді. Алғашқы жылы оған нидерландтық Марко Ван Бастен лайықты деп танылды.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Манчестер Сити» футболдан клубтар арасындағы 2023 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы атанды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.