2023 жылы Қазақстанда қандай саяси реформалар жүзеге асырылады

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 1 қыркүйекте халыққа арнаған Жолдауында отыз жыл бойы орныққан саяси жүйені жаңғырту мақсатында бірқатар реформалар ұсынған болатын. Саяси реформалар бағдарламасында сайлау жүйесін жетілдіру, сайлау үдерісін жаңғырту, партия жүйесін дамыту мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері қарастырылған еді. Осылайша, 2023 жыл жаңа жүйе бойынша Сенат депутаттарын сайлаумен басталды. Нәтижесінде, әр өңірден 1 өкілден 20 сенатор сайланды. Сонымен қоса 19 қаңтарда Мемлекет басшысы жетінші сайланған Парламенттің Мәжілісін тарату туралы және мәслихат депутаттарының өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлықтарға қол қойды. Осылайша, елімізде екі бірдей саяси науқан бір күнде – 19 наурызда өтеді. Қаржы министрлігінің мәлімдеуінше, биыл саяси реформаларға 1 трлн теңге жұмсалуы мүмкін.

Сенат депутаттарының сайлауы қалай өтті? Мәжіліс және мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлауында қандай өзгерістер болады? Бұл туралы толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалынан оқи аласыздар.

Қазақстанды қандай саяси реформалар күтіп тұр?

2022 жылғы 5 маусымда өткен референдумда Конституцияға Парламенттің қос палатасы – Сенат пен Мәжіліс арасындағы қатынастарды реттейтін нормалар енгізілген болатын. Бұл Парламентте заңдарды қарау үдерісін жылдамдатады. Депутаттар реглементті толықтыру және өзгерту бойынша ұсыныстарын берді. Құжатта Мәжілістің заң жобаларын қалай қарайтыны, құжаттарды қарау мерзімі, сондай-ақ оларды бекіту немесе қайтару талаптары ескерілген. Осы тұрғыда қос палатаның өзара іс-қимылына қатысты өзекті мәселелер қаралып, регламент қабылданды.

Бұған дейін ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин 2022 жылдың күзінде басталған жаңа сайлау циклі әрі қарай жалғасатынын айтқан болатын. 2023 жылдың саяси күн тәртібі Мемлекет басшысы белгілеген саяси реформалар векторымен және еліміздің Конституциясын жаңарту бойынша республикалық референдум нәтижелерін іс жүзінде жүзеге асырумен айқындалатынына тоқталды.

Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, 1 қаңтардан бастап сайлау заңнамасы мен сайлау жүйесіне енгізілген жаңа түзетулер күшіне енген. Бір мандатты округтер мен сайлау комиссияларын құру процесі өтіп жатыр. Енді аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері өз өкілеттіктерін тұрақты кәсіби негізде жүзеге асыратын болады. Бұл сайлау жүйесінің сапасын арттырады. Сонымен қоса Ерлан Қарин саяси жүйені үдемелі қалпына келтірудің президенттік жоспары, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өткізілуі тиіс екенін атап өтті.

Оның айтуынша, биылдан бастап аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау пилоттық режимде өтеді.

«Ауыл әкімдері корпусын жаңарту жалғасады. 350-ден аса кент, ауыл және ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу жоспарланып жатыр. Бұл сайлау мыңнан аса ауылдық елді мекенді қамтиды. Ең бастысы, президенттік жаңғырту бағдарламасын кезең-кезеңімен жүзеге асыру жалғасып жатыр. Бұл 2023 жылғы саяси күн тәртібінің негізі болады», - деді Ерлан Қарин.

Биыл саяси реформаларға 1 трлн теңге жұмсалуы мүмкін

Қаржы министрлігі өкілінің мәлімдеуінше, биыл саяси реформаларды іске асыру шараларының үлесі ұлғайып, 1 трлн теңге жұмсалуы мүмкін.

«2023 жылға арналған негізгі міндет саяси, конституциялық реформаларды одан әрі қаржылай қамтамасыз етіп, экономиканы қолдау болып тұр. Алдын ала есеп бойынша биыл қосымша 1 трлн теңге іздеу талап етілуі мүмкін», - деді Қаржы вице-министрі Татьяна Савельева.

Сондай-ақ, ол 2024-2026 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде Мемлекет басшысының Жолдауын, сайлау алдындағы бағдарламаны, өңірлерге жасаған сапарлар кезінде туындаған тапсырмаларды орындау, жаңа ұлттық жобалар, аудандар мен қалалар әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу жөніндегі мәселелердің үлкен блогы пысықталатынын айтты.

Сенат депуттарын сайлау қалай өтті?

2023 жыл Сенат депуттарын сайлаумен басталды. 14 қаңтарда Парламенттің жоғары палатасы – Сенат депутаттарының кезекті сайлауы өтіп, еліміздің 20 өңірінен 20 мандатқа 55 кандидат бәсекеге түсті. Сенат депутаттығына кандидаттарды ұсынудың екі жолы бар. Ол облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, аудандық мәслихаттардың сессияларында саяси партиялар және өзге де қоғамдық бірлестіктер мәслихаттардың өкілдері арқылы және кандидаттың өзін-өзі ұсынуы. Сенаторлардың депутаттық өкілеттік мерзімі - 6 жыл. Сенат депутаттарының жартысы әр 3 жыл сайын қайта сайланады. ОСК мәліметінше, 3167 таңдаушының 2904-і немесе 91,7 пайызы дауыс беруге қатысқан.

Айта кетейік, кандидаттарды ұсыну 29 қарашада басталып, 14 желтоқсанда аяқталды. Ал оларды тіркеу 29 қарашадан 24 желтоқсан сағат 18.00-ге дейін жалғасты. Ұсынылған 130 кандидаттың 66-сы тіркелді.

Сонымен әр өңірден сайлаушылардың 50 пайыздан астам дауысын жинаған 20 сенатор сайланды. Жаңа құрамда үш әйел бар. 4 депутат қайта сайланды. Олар: Алматы, Жетісу, Ұлытау облысы мен Шымкент қаласынан. Облыстық мәслихаттың 5 хатшысы, облыс әкімінің 4 орынбасары және екі аудан әкімі, мемлекеттік органның екі қызметкері, оқу орнының басшысы бар. Депутаттардың орташа жасы 53. Сайлау күні ел аумағында ешқандай заңбұзушылықтар тіркелмеген.

Мәжіліс депутаттарының мандаты қысқарады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 19 қаңтарда жетінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін тарату және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Сонымен қоса Президент Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы мәлімдеме жасады. Осылайша, елімізде екі бірдей саяси науқан басталды.

Бұған дейін, яғни жетінші сайланған Парламенттің Мәжілісінде 107 депутат болды. Ал жаңадан жасақталатын Мәжілісте мандат саны 9-ға қысқарып, 98-ді құрап отыр. Қысқартылған бұл 9 мандат осы уақытқа дейін Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланатын депутаттарға тиесілі болатын. Алайда, өткен жылдың маусымындағы Референдумнан кейін қабылданған заңға сәйкес, Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан еліміздің жоғары заң шығарушы органына берілетін мандат саны беске қысқарып, оның өзі Сенатқа берілген еді. Бұл республиканың Ата заңында да жазылды. Яғни, бұған дейін Президент 15 Сенат депутатын тағайындайтын болса, ол сан 10-ға дейін қысқарып, енді соның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынуы тиіс. Бұл норма 8-ші сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауынан бастап қолданылады.

Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі - бес жыл. Мəжілістің депутаттарын сайлау жалпыға бірдей, тең жəне төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады.

«Енді Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланады», - деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысты халыққа жасаған мәлімдемесінде.

Мәжіліс депутаттарының бұл сайлауында өзге де өзгешеліктер бар. Нақтырақ айтар болсақ, елімізде жүргізілген конституциялық реформа аясында саяси партияларды тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдетілді. Партия мүшелерінің санына қатысты талап та түбегейлі өзгерді десек болады. Айталық, бұған дейін партия құру үшін оған мүше азаматтардың саны 20 мың болу тиіс болса, реформадан кейін ол шек 5 мыңға дейін қысқартылды. Тағы бір өзгеріс партиялардың аймақтардағы өкілдіктерінің мүшелеріне қатысты. Яғни, бұған дейін партия құру үшін әр өңірде кемінде 600 жақтасың болу шарт еді. Ал қазір 200 адам партияңызды қолдаса, саяси ұйымның тіркелуіне жеткілікті.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, сайлау науқанын ұйымдастыру және оны өткізу ісінде аумақтық сайлау комиссиялары маңызды рөл атқарады. Енді облыстық сайлау комиссиялары кәсіби түрде тұрақты жұмыс істейді. Бұл шешім сайлауға қатысты іс-шаралардың сапалы атқарылуын қамтамасыз етеді. Айта кетейік, Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау бір күнде – 19 наурызда өтеді.

«Жаңадан сайланатын депутаттар да жұмысты осы қарқынмен жалғастырып, еліміздің жан-жақты жаңғыруына ерекше үлес қосады деп сенемін. Мәжілістің кезектен тыс сайлауы 2023 жылғы 19 наурызда өтеді. Барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын Орталық сайлау комиссиясы белгілейді», - деген еді Президент.

Айта кетейік, ҚР «Сайлау туралы» конституциялық заңының 101-бабының 3-тармағына сәйкес, өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын ОСК төрағасы тиісті жарлығы негізінде тағайындайды.

«Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын сайлау- маңызды саяси науқан»

Осы тұста, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) Саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі Ермек Тоқтаровтан Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы туралы сұрап көрдік.

«2023 жылдың негізгі саяси науқаны - Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын сайлау. Осы кезде, парламенттік сайлау жаңа тәртіппен өтеді. Былтыр енгізілген нормаға сай, депутаттар аралас сайлау жүйесімен сайланады. Енді депутаттық қызметке кандидат ретінде сайлауға саяси партиялардан тыс азаматтар үміткер бола алады», - деді Ермек Тоқтаров.

Сарапшының айтуынша, Мәжілістің жаңа құрамында мажоритарлық жолмен сайланған депутаттар 30 пайызын, облыстық мәслихаттарда 50 пайызын, ал қалған мәслихаттарда толықтай 100 пайызын құрайды. Бұл депутаттар бір мандатты сайлау округтері бойынша сайланады.


«Жаңа «Байтақ» және «Respublica» партиялары сайлаушылардың белгілі бір бөлігін өз жағына тарта алады. Биылғы тағы бір саяси жаңалық – 170 аудан мен 38 облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау болмақ. Сонымен қатар бұл тікелей сайлау болады, яғни азаматтар өз елді мекенін кім басқаратынына дауыс береді. 2023 жыл саяси оқиғаларға толы болады. Мұның бәрі - елдің саяси жүйесін жаңғырту жөніндегі дәйекті саясат», - деді сарпашы.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин алдағы сайлаудың 10 жаңалығын атап көрсеткен болатын. Атап айтсақ, 2004 жылдан кейін алғаш рет Мәжіліске депутаттар бір мандатты округтер арқылы сайланады. Үміткерлерге партиялар мен Үкіметтік емес ұйымдар атынан ғана емес, өзін-өзі ұсынуға мүмкіндік ашылды. Бұл кезектен тыс сайлау болғанымен, оның өтетін мерзімі жарты жыл бұрын белгілі болды. Партиялардың Парламентке өтуі үшін белгіленген төменгі шегі 7 пайыздан 5 пайызға төмендетілді. Әйелдер, жастар және ерекше мұқтаждығы бар адамдар үшін қарастырылған 30 пайыздық квота партиялық тізім мен мандаттардың бөлінісі кезінде сақталады. Мәжілістің жаңа құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы болмайды. Алғаш рет Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауында «бәріне қарсымын» деген баған енді. Сайлауға 7 саяси партия қатысуға құқылы. Оның екеуі партиялар туралы заңның жаңа нормалары күшіне енгеннен кейін тіркелді. Облыстардағы аймақтық сайлау комиссиялары енді кәсіби түрде жұмыс істейді. Сайлаушылар бес бюллетень бойынша дауыс береді.


Соңғы жаңалықтар