АСТАНА. ҚазАқпарат – Алдағы жылы бокстан әйелдер арасында әлем чемпионаты Астанада өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Халықаралық бокс федерациясының (IBA) директорлар кеңесі Ташкент қаласында өткен ресми жиналысында осындай шешім қабылдады.
Қазақстан бокс федерациясының халықаралық қатынастар жөніндегі вице-президенті Әзиз Қожамбетов өтінім берген.
Жарыс Астанадағы «Барыс Аренада» өтеді.
«Қазақстан сияқты мықты бокс елінің IBA-ның ірі турнирлерінің бірін өткізетініне қуаныштымын. Бұған дейін осындай дода Астанада 2016 жылы өткен, енді, міне, қайта оралғалы отыр. Мен тамаша чемпионатты асыға күтемін және алдағы жылы Астанада бас қосатын боксшыларды құттықтаймын», - деді IBA президенті Умар Кремлев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан бокс құрамасының медальдар кестесінде екінші орыннан көрінгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).