— 2025 жылы бюджеттің атқарылуы жаңа Бюджет кодексінің қолданылуы жағдайында жүзеге асты. Әкімшілерге кеңірек дербестік берілді. Бюджет процесіне қатысушылардың есептілігі арттырылып, олардың жауаптылығы және парламенттік бақылау күшейтілді. Жоғары аудиторлық палатаның қызметі де бұдан тыс қалмады. Өз қорытындымызда біз мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың қызметін жаңа бюджет қағидалары тұрғысынан бағалауды жүргіздік, — деді палата төрағасы.
Оның айтуынша, әкімшілерге беретін дербестікті кеңейту басымдықтар сапалы айқындалған, цифрлық тұрғыдан жетілген және қабылданатын шешімдер үшін жауаптылық нақты белгіленген кезде іске асырылуы тиіс. Алайда 2025 жылдың қорытындысы бойынша бюджет процесін цифрландыру әлі де іске асыру сатысында тұр. Республикалық бюджет қаражатының қадағалануы бюджеттің екінші деңгейіне дейін ғана қамтамасыз етілген.
— Ал олардың нәтижелілік параметрлері қолданыстағы ақпараттық жүйелерде қарастырылмаған. Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстары толық көлемде интеграцияланбаған. Жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың деректері кейбір жағдайларда салыстыруға келмейді. Шығыстарда басымдық беру проблемалары сақталып отыр. 2025 жылы 2,4 трлн теңге қайта бөлінген. Жекелеген әкімшілер кейбір бюджеттік бағдарламалар бойынша жоспарланған көлемінің 90 пайызна дейін қайта бөлген, — деді ол.
Палата төрағасының дерегінше, жыл ішінде республикалық бюджеттен 75 млрд теңгені құрайтын 99 жоба алынып тасталды. Аяқталуы жоспарланған 600-ден астам инвестициялық жобаның 20 пайызы аяқталмаған.
— Тиімсіз пайдаланылған қаражат сомасы 2024 жылғы деңгейден 1,7 есеге асып түсті. Қаражат жоғары деңгейде игерілгенімен, жоспарланған нәтижелерге қол жеткізілмеуде. Орталық деңгейде бюджеттік бағдарламалар көрсеткіштерінің орта есеппен 5 пайызына, ал өңірлерде 33 пайызына қол жеткізілген жоқ. Жалпы, мемлекет деңгейінде цифрландыру, ауыл және су шаруашылығы, экология және басқа да бағыттар бойынша 11 негізгі ұлттық және 30-дан астам нысаналы индикаторларға қол жеткізілмегені анықталды, — деді Әлихан Смайылов.
Айта кетейік, Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Үкіметінің және Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері талқыланып жатыр.