2026-2027 оқу жылында 8 мыңнан астам мектепте 4,1 миллион бала білім алады

АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысының Қараөткел ауылында 1200 оқушыға арналған жаңа IT-мектеп пайдалануға берілді. Жаңа оқу жылының алғашқы қоңырау салтанатына Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушы Жұлдыз Сүлейменова қатысты.

Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

 Білім ошағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іске асырылған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерді. Мектепте 60 оқу кабинеті, STEM-зертханасы, физика, химия, биология, IT, робототехника және хореография бөлмелері, сондай-ақ екі спорт залы қарастырылған.

Жұлдыз Сүлейменова оқушыларды, педагогтер мен ата-аналарды оқу жылының басталуымен құттықтап, бірінші сыныпқа қадам басқан бүлдіршіндерге тілек білдірді. Елімізде мектеп инфрақұрылымын дамыту және балаларға сапалы, қауіпсіз білім беру бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасып жатыр.

Ресми мәліметке сәйкес, 2026-2027 оқу жылында Қазақстандағы 8 мыңнан астам мектепте 4,1 миллион бала білім алады. Олардың ішінде 380 мыңнан астам оқушы мектеп табалдырығын алғаш рет аттады.

Осыған дейін елімізде 57 жаңа мектеп ашылғаны туралы жаздық.