2026-2027 оқу жылында қай салаға грант көп бөлінді

АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа оқу жылына бөлінген гранттар мен квоталар туралы ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есинбаева айтып берді.

Коллаж: Kazinform/ ЖИ көмегімен жасалған

Мемлекеттік білім беру тапсырысы еңбек нарығының білікті кадрларға қажеттілігіне сәйкес қалыптастырылады. Биыл гранттардың 60%-ы инженерлік-техникалық, 20%-ы педагогикалық, ал 20%-ы басқа бағыттарға бөлінді.

2026-2027 оқу жылына бакалавриат бағдарламалары бойынша шамамен 75 мың білім беру гранты қарастырылды.

Конкурсқа 127 мыңға жуық өтініш қабылданып, гранттар ҰБТ нәтижелері, талапкерлердің таңдауы және заңнамада белгіленген квоталар ескеріле отырып тағайындалды.

Талапкерлер арасында «Аударма ісі», «Халықаралық қатынастар», «Құқық», «Психология», «Қаржы» және педагогикалық бағыттар жоғары сұранысқа ие болды.

Конкурс қорытындылары Республикалық конкурстық комиссия отырысында бекітіліп, нәтижесі ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің, министрліктің ресми ақпараттық ресурсында жарияланады.

Айта кетейік, білім гранты иегерлерінің тізімі 7 тамызда жарияланады.