2026–2028 жылдары геологиялық барлау жұмыстарына $470 млн-ға жуық мемлекет инвестициясы салынады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов геологиялық барлау жаңа кен орындарын ашу, минералдық-шикізат базаны кеңейту және болашақ инвестициялық жобаларды іске қосу мүмкіндіктерін айқындайтынын атап өтті.

Фото: Kazinform

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев геология саласын дамытуға және елдің ресурстық әлеуетін кеңейтуге ерекше көңіл бөледі. Осыған байланысты Қазақстанда жер қойнауын геологиялық зерттеудің ауқымды бағдарламасы жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта еліміздің аумағын егжей-тегжейлі геологиялық картографиялау жұмыстары басталды. Жер қойнауының геологиялық зерттелу аумағы 2 млн шаршы шақырымнан асады. Президенттің тапсырмасы бойынша 2026–2028 жылдары геологиялық барлау жұмыстарына тек мемлекет тарапынан $470 млн-ға жуық инвестиция салынады. Бұл алдыңғы екі онжылдықтағы шығындар көлемімен шамалас. Біздің міндетіміз – аумақтың зерттелу деңгейін арттырумен ғана шектелмей, озық технологияларға, цифрлық шешімдерге және халықаралық серіктестікке негізделген заманауи геология саласын қалыптастыру. Дәл осы жаңа кен орындарының ашылуы алдағы уақытта пайдалы қазбаларды өндіру, қайта өңдеу және жоғары деңгейде өңделген өнімдер шығару бағытындағы жобаларды жүзеге асырудың негізіне айналуы тиіс, — деп атап өтті Премьер-министр.

Айта кетейік, Қазақстан ЖИ арқылы кен барлау тиімділігін арттырмақ.