Бұл мәселелер Алматыда Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды.
Ұлттық жобаны жүзеге асыруға 2025–2029 жылдары шамамен 13 трлн теңге инвестиция тарту көзделген. Оның ішінде 6,8 трлн теңге коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталады. Жоба аясында 84 мың шақырымнан астам инженерлік желіні жаңарту, олардың орташа тозу деңгейін 40%-ға дейін төмендету және нысандардағы апаттылық деңгейін 25%-ға дейін қысқарту жоспарланған.
Өткен жылдан бастап өңірлік жобаларды қаржыландыру басталды. Биыл түрлі қаржыландыру көздерінен кемінде 1,1 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланған.
Қаржы институттары жалпы сомасы 901,5 млрд теңгені құрайтын жобаларды қаржыландыру жөнінде ұсыныстар енгізді. Оның ішінде 517,8 млрд теңгеге несиелік желілер ашылды, ал 383,8 млрд теңге көлеміндегі жобалар қаралу сатысында.
Жобаларды қаржыландыруға екінші деңгейдегі банктердің ішінен негізінен Қазақстан Халық банкі мен Банк ЦентрКредит белсенді қатысып отыр. Жалпы құны шамамен 256 млрд теңгені құрайтын, 20 табиғи монополия субъектісінің 138 жобасынан тұратын портфель қалыптастырылды.
Кеңес барысында 2027 жылы еліміздің 14 өңірінде жүзеге асырылатын 85 жобадан тұратын портфель де қаралды.
Қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейту үшін «Даму» қорының қаржы құралдарын пайдалану және субсидиялау мүмкіндіктері қарастырылып жатыр. Шағын жеке коммуналдық кәсіпорындарға «Өрлеу» бағдарламасы аясында жылдық сыйақы мөлшерлемесі 12,6%, мерзімі 10 жылға дейінгі жеңілдікті несие беру тетіктерін қолдану ұсынылып отыр.
-Біздің міндетіміз – туындаған жекелеген мәселелерді шешіп қана қою емес, қаржыландыру шарттарын жүйелі түрде жетілдіру және ұзақмерзімді әрі жеңілдікпен қаржыландыруды қамтамасыз ету, – деп атап өтті Қанат Бозымбаев.
Вице-премьер инфрақұрылымды жаңғырту бойынша жоспарланған жұмыстардың толық көлемде орындалуын қамтамасыз ету үшін жобаларды несиелеуге қатысатын банктердің қатарын кеңейту қажеттігін айтты.
Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігіне коммуналдық кәсіпорындардың жеңілдікпен қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейту мақсатында қолданыстағы қаржыландыру тетіктерін өзгерту жөнінде ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.
Тапсырмалардың орындалуын үйлестіру Ұлттық экономика министрлігі мен ұлттық жобаның қаржы операторы – «Бәйтерек» холдингіне жүктелді. Холдингке мемлекеттік органдармен және қаржы ұйымдарымен бірлесіп, әрбір жобаның жүзеге асырылу барысына ай сайын мониторинг жүргізетін жұмыс тобын құру тапсырылды.
Сонымен қатар холдинг банктермен бірлесіп, 2027 жылы тікелей кредиттеуге жататын жобалардың тізбесін ұсынуы керек. Онда қаржыландыру көлемі, шарттары және шешім қабылдау мерзімдері көрсетілуге тиіс.
Осыған дейін Қазақстанның инфрақұрылымды жаңғырту арқылы өнеркәсіп кооперациясын дамытқалы отырғаны туралы жаздық.