2027 жылы мектептер жоғары жылдамдықты интернетпен 100 пайыз қамтылады

АСТАНА. KAZINFORM — 2027 жылы мектептер жоғары жылдамдықты интернетпен 100 пайыз қамтылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин айтты.

Фото: Freepik

— Бүгінде мектептердің 92 пайызы жылдамдығы жоғары интернетке қосылған. Қазірдің өзінде 1 276 мектепте интернет жылдамдығы 100 Мбит/секундтан жоғары. 2027 жылға қарай олардың санын 3 222, ал орташа жылдамдықты 90 Мбит/секундқа жеткізуді жоспарлап отырмыз. Біздің міндетіміз — барлық мектепті тұрақты интернетпен қамтамасыз ету және балалардың білім беру ресурстарына кеңінен қолжетімділігін қамтамасыз ету. 2027 жылы жоғары жылдамдықты интернетке қосылған мектептердің үлесін 100 пайызға, яғни 8 мың мектепке жеткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар заманауи қосылу технологияларына көшуді жалғастырамыз, — деді вице-министр.

Айта кетейік, Үкімет отырысында Министрлер кабинетінің мүшелері жаңа оқу жылына дайындық барысын талқыға салды.

Осыған дейін Жұлдыз Сүлейменова жаңа оқу жылының басты ерекшелігін атады.