Сессия барысында 2026-2028 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары таныстырылды. Мәслихат депутатының сұрағына жауап берген Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқарма басшысының орынбасары Аршат Бахтыгереев қаладағы ауа сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар туралы түсіндірді.
Оның айтуынша, бұл құжат 9 бағыт бойынша 43 іс-шараны қамтыса, оның ішінде 17 іс-шара атмосфералық ауаның сапасын жақсартуға бағытталған. Жоспардың басты ерекшелігі — ауаны ластайтын бір ғана бағытпен емес, энергетика, жеке сектор, автокөлік және өндіріс кәсіпорындары секілді барлық мәселелерге бір мезгілде ықпал етеді.
Құжатта көрсетілген негізгі іс-шаралар:
- ЖЭО-2 және ЖЭО-3 нысандарын газға ауыстыру;
- Атмосфералық ауаны қорғау қағидаларын іске асыру;
- Автокөліктердің түтіндігі мен оталуына тұрақты мониторинг жүргізу;
- Төмен эмиссиялық аймақтарды (LEZ) енгізу;
- Экологиялық талаптарға сәйкес келмейтін көліктерді кезең-кезеңмен қысқарту;
- Экологиялық рейдтерді өткізу және т.б..
- 2028 жылдың соңына дейін Алматы қаласы атмосфералық ауасын қорғау қағидаларын іске асыру арқылы ауаны ластану деңгейін кем дегенде 20%-ға дейін төмендету, сондай-ақ барлық жоспарланған іс-шаралардың кезең-кезеңмен орындау көзделіп отыр. Жоспардың басты ерекшелігі — ластанудың бір ғана көзіне емес, энергетика, жеке сектор, автокөлік және өндіріс кәсіпорындары секілді барлық негізгі мәселелерге бір мезгілде ықпал ету, - деді ол.
Еске салайық, былтыр Алматы мәслихатында атмосфералық ауаны қорғау қағидалары бекітілген болатын.
Бұл қағидалар жайлы Экология және қоршаған орта басқарма басшысының орынбасары Аршат Бахтыгереев агенттікке берген сұхбатында айтып берді.