2029 жылға қарай қазақстандықтардың 50 пайызы спортпен тұрақты айналысады – министр мақсаты

Фото: Астана спорт басқармасы

АСТАНА. KAZINFORM – Өткен жылдың қорытындысы бойынша қазақстандықтардың 41,4 пайызы спортпен тұрақты айналысады. Бұл мәліметті Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов растап отыр.

- «Таза Қазақстан» бағдарламасында салауатты өмір салтын қалыптастыру да маңызды рөл атқарады. Министрлік халықты дене шынықтыру мен спортқа тарту үшін кешенді шараны атқарып жатыр. Өткен жылы спортпен тұрақты түрде айналысатындар үлесі 41,4%-ға жетті, бұл дегеніміз 8,4 миллионнан астам адам. Біздің мақсат – 2029 жылға қарай аталған көрсеткішті 50%-ға жеткізу. Жыл сайын елімізде 25 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шара өтеді. Оның ішінде марафондар, веложарыстар, отбасылық фестивальдер, жаппай сырғанау сынды спорттық іс-шаралар халық арасында кеңінен таралып келеді, - деді Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында.

Осы орайда министр бұқаралық спорт жолға қойылған қала ретінде елорданы үлгі етті.

- Биыл алғашқы тоқсанда Астанада 240-тан астам бұқаралық спорт шарасы өтті. Оған 29 мыңнан астам адам қатысты. Қалада дене шынықтырумен айналысу үшін қолайлы жағдай жасалып жатыр. Веложолдардың жалпы ұзындығы –77,5 шақырым, жүгіру жолы шамамен 25 шақырым. Астанада 2833 спорт секциясы бар. Қалада барлық жасқа арналған әлеуметтік жобалар мен бастамалар іске асырылып жатыр, - деп толықтырды ведомство басшысы.

Бұған дейін ел өңірлерінде жаңартылып, салынып жатқан стадиондар туралы жазған едік. 

Еске салсақ, 2024 жылдың қорытындысы бойынша ұлттық спорт түрлерімен тұрақты түрде айналысатын қазақстандықтардың саны 660 мыңнан асты.