2025 жылдың қыркүйегінен бері жергілікті атқарушы органдар Отбасы банкке 20321 жалдамалы пәтер тапсырған-ды. Бүгінде олардың басым бөлігі тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға үлестірілді.
Отбасы банк басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, жалдамалы тұрғын үй — өз күшімен баспана сатып алу мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін тұрғын үй мәселесін шешудің ең қолжетімді тетіктерінің бірі.
— Жалдамалы тұрғын үйді кезекте тұрған азаматтардың баспана мәселесін шешудің ең тиімді жолы деп есептейміз. Өйткені олардың арасында табысы төмен, бастапқы жарна жинауға немесе ипотекалық қарызды өтеуге мүмкіндігі жоқ кісілер бар. Ал жалдамалы баспана оларға қазірдің өзінде қауіпсіз әрі жайлы тұрғын үйге қоныстануға мүмкіндік береді. Енді мұндай отбасыларға тұрғылықты жерін жиі ауыстырып, балаларын бір мектептен немесе балабақшадан екіншісіне көшірудің қажеті болмайды. Мұндай қолдау әсіресе көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, жетім балалар, жесір қалған азаматтар үшін аса маңызды. Мемлекеттің көмегінсіз олардың тұрғын үй мәселесін шешуі өте қиын, — дейді Ләззат Ибрагимова.
Банк арқылы әлеуметтік осал санаттағы мыңдаған қазақстандық жалдамалы тұрғын үйге қоныстанды. Сандарға шақсақ, 3239 көпбалалы отбасы баспанамен қамтылды. Сондай-ақ I және II топтағы мүгедектігі бар 2681 қазақстандық және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған 2211 отбасы жалдамалы тұрғын үй алды.
Бұдан бөлек, «жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 2328 азамат үйлі болды. Бұл санат үшін заңнамалық деңгейде арнайы квота қарастырылған: оларға бөлінетін тұрғын үйдің жалпы көлемінің кемінде 20 пайызы берілуі тиіс. Мұндай тетік жылдар бойы кезекте тұрған азаматтардың баспанаға қол жеткізу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады.
Жалдамалы тұрғын үй алғандардың қатарында 859 жесір кісі бар. Бұл — тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйесіндегі жаңа жеке санаттардың бірі. Бұған дейін жесірлер «толық емес отбасылар» санатына жатқызылатын. Бұл тұрғын үй кезегіндегі ең көп санаттардың бірі болғандықтан, олардың баспана күту мерзімі ұзарып кететін. Енді жеке санаттың енгізілуі мемлекеттік қолдауды нақты мұқтаж азаматтарға неғұрлым атаулы әрі уақытылы көрсетуге жол ашпақ.
Жалдамалы тұрғын үй тетігі баспана сатып алуға қаржылық мүмкіндігі жетпейтін азаматтар үшін тұрғын үй мәселесін шешудің маңызды құралдарының біріне айналып отыр. Бұл тек пәтер беру емес, отбасыларға тұрақты өмір сүру ортасын қалыптастыруға, балалардың бір мектепте білім алуына және азаматтардың ертеңгі күнге сенімділігін арттыруға мүмкіндік беретін әлеуметтік қолдау шарасы.