Республикалық бюджеттен төленетін 36 әлеуметтік төлемнің 22-сі бұрынғы тәртіппен сақталады.
– Оның ішінде ядролық сынақтар мен саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен адамдарға берілетін төлемдер бар. Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істеген адамдарға және мүгедектігі бар адамдардың жекелеген санаттарына арналған төлемдер бұрынғыша сақталады, – деді А. Ертаев Орталық коммуникациялар қызметінде.
Бұл төлемдер үшін үй шаруашылығының әл-ауқат деңгейі ескерілмейді.
Министрдің айтуынша, жаңа тәсілдің мақсаты – әлеуметтік көмекті қысқарту емес, оны нақты мұқтаж адамдарға әділ әрі атаулы түрде бағыттау.
14 төлем бойынша мұқтаждық деңгейін бағалау енгізіледі. Шектеулер А және В санатындағы әл-ауқаты жоғары отбасыларға қатысты қолданылады.
Орта тап пен әлеуметтік осал отбасылар мемлекеттік қолдау алу құқығын сақтайды. Ал ерекше қорғауға алынған санаттар үшін қолданыстағы кепілдіктер сақталады.
– Отбасының цифрлық картасы бірыңғай критерий қолдануды, отбасылардың әл-ауқатын тұрақты түрде қайта бағалауды және жағдайы нашарлаған кезде төлемдерді алу құқығын қалпына келтіруді қамтамасыз етеді, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.
Бұған дейін А. Ертаев бірде-бір мұқтаж қазақстандық қолдаусыз қалмайтынын айтқан еді.
Ал жәрдемақы үшін ажырасудың алдын алу үшін бөлек тұратын ата-аналар да баланың отбасы құрамына енгізіледі.