Бірде-бір мұқтаж қазақстандық қолдаусыз қалмайды — Еңбек министрі
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев әлеуметтік қорғау саласында қолданылатын атаулылық принциптерін таныстырып жатыр.
Министр басты принцип бойынша мемлекеттік қолдау ең алдымен, өз еркімен қажеттілігін қамтамасыз ете алмайтын адамдарға көрсетілуі керегін айтты.
— Бірде-бір мұқтаж қазақстандық қолдаусыз қалмайды. Бұл — әлеуметтік қолдаудың басты қағидаты. Қазақстан — әлеуметтік мемлекет болып саналады. Біз жәрдемақыны формальды тағайындаудан отбасының нақты мұқтаждық деңгейін бағалауға көшіп жатырмыз. Мұнда отбасының мүліктік және әлеуметтік жағдайы бағаланады, — деді А. Ертаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, 30 қыркүйекте бекітілген Әлеуметтік әл-ауқат деңгейін айқындаудың жаңа әдістемесі бекітілді. Оның алдындағы 2023 жылғы әдістеме 1 қаңтарда күшін жояды.
Еске сала кетсек, Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік қолдаудың жаңа жүйесі толық көлемде іске қосылады.
Бұған дейін Құрылтай депутаты Ләззат Қожахмет жұмыс істейтін әйелдердің декреттік төлемі сақталатынын айтқан еді.