220 оқушы Қанипа Бітібаева атындағы олимпиадаға қатысып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — 27-30 сәуір аралығында Өскемен қаласында дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты базасында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиетінен дәстүрлі республикалық олимпиада өтіп жатыр. Бұл туралы Оқу-ағату министрлігі мәлімдеді.

Фото: Оқу-ағату министрлігі

— Олимпиадаға республиканың білім беру ұйымдарының 9-11 сынып оқушылары арасынан өңірлік іріктеу кезеңінен өткен 220 оқушы қатысуда. Олимпиаданың мақсаты — оқушылардың қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша білімдерін тереңдету және жетілдіру, ұлттық мәдениет пен дәстүрді құрметтеуге тәрбиелеу, сондай-ақ олардың зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту, — деп жазды ведомстводан.

Республикалық кезең екі айналымнан тұрады. Оның бірінде оқушылар эссе жазса, екінші айналымда сынақты ауызша тапсырады.

Фото: Оқу-ағату министрлігі

Министрліктің мәліметінше, қатысушылар қазақ тілі мен әдебиеті шығармалары, Қ.О. Бітібаеваның өмірбаяны, ғылыми-педагогикалық мұрасы және публицистикалық еңбектері бойынша білімдерін сарапқа салады. Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталады.

Айта кетейік, бұған дейін қызылордалық жас химик Менделеев халықаралық олимпиадасының алтын медалін жеңіп алған болатын.