Құрылтай сайлауына дайындықтың күнтізбелік жоспары таныстырылды

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған ҚР Құрылтайы депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын таныстырып өтті.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

ОСК төрағасы орынбасарының мәліметінше, Құрылтай депутаттығына кандидаттарды ұсыну құқығы заңда белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партияларға беріледі. Партиялық тізімдер Орталық сайлау комиссиясына партияның жоғары өкілді органының тиісті хаттамасының үзінді көшірмесімен бірге ұсынылады.

Күнтізбелік жоспарға сәйкес, кандидаттарды ұсыну кезеңі 2026 жылғы 2 шілдеде басталып, 13 шілде күні сағат 18:00–де аяқталады.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— Партиялық тізімдерді тіркеу рәсімі бірнеше кезеңнен тұрады. Атап айтқанда, кандидаттардың құжаттары қабылданып, уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп олардың заң талаптарына сәйкестігі тексеріледі. Негізгі талаптардың бірі — Қазақстан Республикасының азаматтығы және соңғы 10 жыл ішінде ел аумағында тұрақты тұруы, — деді ол.

Сондай-ақ партиялық тізімдерді тіркеу 2026 жылғы 23 шілдеде сағат 18:00–де аяқталатыны айтылды.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Мұхтар Ерманның айтуынша, сайлауалды үгіт жұмыстары партиялық тізімдерді тіркеу мерзімі аяқталғаннан кейін басталып, 2026 жылғы 22 тамыз сағат 00:00–де тоқтатылады. Үгіт кезеңі жалпы 29 күнге созылады.

Бұдан бөлек, сайлау учаскелерінің шекаралары мен учаскелік сайлау комиссияларының құрамы 16 шілдеге дейін жарияланады. Ал сайлаушылар тізімдері 2 тамызға дейін учаскелерге жолданып, 7 тамыздан бастап азаматтардың танысуына ұсынылады.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— 2026 жылғы 22 тамыз — тыныштық күні. Дауыс беру 23 тамыз күні жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00–ден 20:00–ге дейін өтеді. Осыдан кейін учаскелік комиссиялар дауыстарды санауға кіріседі. Құрылтай депутаттарын сайлаудың қорытындылары 10 күн ішінде анықталады, — деді ОСК төрағасының орынбасары.

ОСК отырысында 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекіту туралы қаулы жобасы қабылданды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы Құрылтайының сайлауын тағайындау туралы» Жарлыққа қол қойды. Құрылтай сайлауы 2026 жылғы 23 тамызда өтетіні белгілі болды.

Бұған дейін хабарланғандай, бүгін жаңа Конституция күшіне енді. Жалпыхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған тарихи құжат мемлекеттік басқару жүйесін, қоғамның даму бағытын түбегейлі өзгертпек. Kazinform тілшісі Ата заң аясында қабылданатын шешімдер мен саяси реформаның халық өміріне әсерін талдады.