2,5 айда өзбекстандықтар 25 млн доллардың газын заңсыз пайдаланған
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – 2024 жылдың 1 желтоқсанынан биыл 15 ақпанға дейін өзбекстандықтар 133 млн текше метрден астам табиғи газды заңсыз пайдаланылған, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
«Өзэнергоинспекцияның» ақпаратына сәйкес, қамтылып отырған аралықта көгілдір отынды заңсыз пайдаланудың 167 фактісі анықталған. Оның салдарынан 210,4 млрд сум (шамамен $16,1 млн) залал келді.
Сонымен қатар, «Худудгазтаъминот» АҚ инспекторлары жүргізген тексеріс барасында жалпы құны 117,3 млрд сум ($9 млн) болатын газдың ұрлғанғаны әшкере болды.
- Есепті кезеңде 133,84 млн текше метр газ заңсыз пайдаланылған. Мұндай көлемдегі көгілдір отын қыс мезгілінде 266 мыңнан астам үйдің қажеттілігін жабуға және автогаз құю станцияларын 10 күн бойы үздіксіз энергоресурспен қамтамасыз етуге жететін еді, - деп мәлім етті «Өзэнергоинспекциядан».
Еске салайық, таяуда Өзбекстанда электр жүйесіне заңсыз қосылған майнинг ферма $138 мың шығын келтірді.
Былтыр газ бен электр энергиясын заңсыз пайдаланған өзбекстандықтар мемлекетке $108 млн залал келтірді.
Сондай-ақ, таяуда Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында жасырын құбыр тартып, сол арқылы жанармай тасымалдаумен айналысқандар ұсталды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстанда $38,9 млрд мемлекеттік органдардың бақылауынан тыс қалып отыр.