Қытайдың Чанчунь қаласында орналасқан, құрылысына 2,5 млрд еуро жұмсалған Audi автокөлік зауыты айына небәрі екі-үш күн жұмыс істейді. Кәсіпорын жылына 150 мың автомобиль шығаруға есептелгенімен, сұраныс күткен деңгейден әлдеқайда төмен болды. Бұл туралы Handelsblatt басылымы хабарлады.
Q6 e-tron және A6 e-tron электр көліктерін шығару 2024 жылдың соңында басталған. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында небәрі 7641 автомобиль сатылған. Жылдық өндіріс көлемі 10 мың көліктен аспайды деп болжанып отыр. Ал зауыттың өндірістік қуатын пайдалану деңгейі 10 пайыздан төмен болып қалмақ.
Handelsblatt мәліметінше, кәсіпорынның 2026 жылғы шығыны шамамен 500 млн еуро болуы мүмкін. Шығындарды қысқартуға қарамастан, зауыт ай сайын шамамен 30 млн еуро жоғалтып отыр. Кейбір жеткізушілер төлемдердің кешіктірілуіне тап болған.
Кәсіпорын Audi мен Қытайдың мемлекеттік FAW концерні құрған бірлескен компанияға тиесілі. Volkswagen зауыттың болашағына қатысты бірнеше нұсқаны қарастырып жатыр. Олардың қатарында жаңа үлгілерді шығару, қытайлық серіктестермен ынтымақтастық орнату, сондай-ақ зауытты толық жабу мүмкіндігі бар.
Айта кетелік Audi компаниясының таза пайдасы 87 пайызға төмендегені туралы жазған едік.