Audi компаниясының таза пайдасы 87 пайызға төмендеді

АСТАНА. KAZINFORM — Немістің Audi автокөлік өндірушісі 2026 жылдың үшінші тоқсанында таза пайдасы былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 87 пайызға азайғанын хабарлады. Сонымен қатар компания жылдық қаржылық болжамын қайта қарады. Бұл туралы Kazinform агенттігі Bild басылымына сілтеме жасап хабарлады.

Audi компаниясының таза пайдасы 87 пайызға төмендеді
Фото: Pexels

Басылымның мәліметінше, Volkswagen концерніне кіретін Audi компаниясының шілде-қыркүйек айларындағы таза пайдасы небәрі 95 млн еуро (шамамен 48 млрд теңге) болған.

Қаржылық көрсеткіштердің нашарлауына байланысты компания 2026 жылға арналған болжамын биыл екінші рет өзгертті. Енді Audi жылдық табысы бұрын болжанған 58-63 млрд еуроның (29,34-31,87 трлн теңге) орнына 55-59 млрд еуро (27,82-29,84 трлн теңге) болады деп есептейді. Ал операциялық табыстылық көрсеткіші 5-7 пайыздан 3-5 пайызға дейін төмендетілді.

Пайданың азаюына Қытайда автокөлікке сұраныстың төмендеуі, бәсекенің күшеюі және АҚШ енгізген импорттық баж салығы негізгі себеп болған. Үшінші тоқсанда Audi көліктерінің әлемдік жеткізілімі былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 20 пайыз қысқарды.

АҚШ-тың сауда шектеулері де компанияның қаржылық жағдайына кесірін тигізген. Audi әзірше АҚШ аумағында көлік өндірмейтіндіктен, Вашингтон енгізген баж салығы компанияға шамамен 1,2 млрд еуроға (607 млрд теңге) түскен.

Сонымен қатар автокөлік өндіруші АҚШ-та құны шамамен 4 млрд доллар (1,81 трлн теңге) болатын зауыт салу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Кәсіпорын жыл сайын 200 мыңға дейін жол талғамайтын көлік шығарып, шамамен 4 500 жұмыс орнын ашуы мүмкін. Алайда жобаға қатысты түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ.

АҚШ-та өндірісті кеңейту жоспары Германияда сынға ұшырады. Атап айтқанда, Audi басшысы Гернот Делльнер АҚШ президенті Дональд Трамп қатысқан іс-шараға барғаны үшін сынға қалған.

Сонымен бірге компания шығындарды азайтып, жұмыс тиімділігін арттыру бағдарламасы аясында 2029 жылға дейін Германияда 7 500 жұмыс орнын қысқартуды жоспарлап отыр.

Еске салайық, бұған дейін Audi компаниясының Бельгиядағы зауыты жабылып, мыңдаған адам жұмыссыз қалғанын хабарлаған едік.