СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы Семейде қоқысты сұрыптау және бөлек жинау жобасына қатысты тексеріс жүргізуде. Облыс прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 2020 жылы басталған жобаны қала әкімдігі мен Экология министрлігі қолға алды. Алайда жобаны іске асыру кезінде қиындықтар туындады.
— Шетелдік компания 2,6 млн еуроның құрал-жабдықтарын жеткізген. Бірақ әкімдік өз міндеттемелерін орындамай, жабдықтарды орналастыратын ангарды салмаған. Соның салдарынан қымбат құрал-жабдықтар екі жылдан астам пайдаланылмай, ашық жерде сақталды. Бұл оның бүлініп, кепілдігінің жоғалуына әкеліп соқты, — делінген хабарламада.
Осыған байланысты прокуратура ҚР ҚК-нің 371-бабы 1-бөлігі (салақтық) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Әкімдік те жобаны аяқтау үшін тиісті шараларды қабылдап жатыр.
Еске салсақ, осыған дейін Абай облысында баласына 44 млн теңге алимент төлемеген адам Ресей азаматтығын алып алғаны хабарланған.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.