Желдің жылдамдығы секундына 25 метрге дейін жетуі мүмкін. Шығыс Қазақстан облысының таулы аудандарында жаңбыр мен қар жауады, деп хабарлайды Қазгидромет.
Қостанай облысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Облыстың солтүстігі мен батысында кей уақытта қатты жаңбыр жауады. Күндіз батысы мен шығысында бұршақ жауып, шквал болуы мүмкін. Оңтүстігі мен шығысында солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.
Солтүстік Қазақстан облысында түнде батысы, солтүстігі мен оңтүстігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз батысы мен солтүстігінде қатты жаңбыр жауып, бұршақ, шквал және шаңды дауыл болуы ықтимал. Желдің екпіні кей жерлерде 25 м/с-қа дейін жетеді. Оңтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман түседі. Петропавлда күндіз бұршақ жауып, шквал болуы мүмкін.
Ақмола облысында күндіз батысы, солтүстігі мен оңтүстігінде жаңбыр, найзағай, бұршақ, шквал және шаңды дауыл күтіледі. Оңтүстік және оңтүстік-батыс желінің екпіні кей жерлерде 25 м/с-қа дейін жетеді. Көкшетауда жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, желдің жылдамдығы 15-18 м/с болады.
Шығыс Қазақстан облысында түнде солтүстігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Шығысы мен таулы аудандарында жаңбыр мен қар жауады. Түнде және таңертең облыстың солтүстігі мен шығысында тұман түседі. Жел 15-18 м/с-қа дейін күшейеді.
Маңғыстау облысында батысы, солтүстігі мен орталығында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді.
Қызылорда облысының солтүстігінде түнде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз сол аумақта шаңды дауыл соғып, желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.
Ақтөбе облысының солтүстігінде түнде, ал солтүстік-шығысында күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Облыс орталығында түнде және таңертең тұман түсуі мүмкін.
Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
Павлодар облысының батысы мен солтүстігінде түнде және таңертең тұман түседі. Күндіз солтүстігі мен шығысында жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.
Жамбыл облысының оңтүстік-батысы, солтүстік-шығысы мен таулы аудандарында солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді.
Алматы облысының шығысында күндіз желдің екпіні 18 м/с-қа дейін күшейеді.
Жетісу облысының таулы аудандарында түнде және таңертең тұман түседі. Шығысында жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.
Абай облысының солтүстігі мен орталығында түнде және таңертең тұман күтіледі.
Сонымен қатар Жамбыл, Атырау, Қызылорда облыстары мен Ұлытау облысында, сондай-ақ Қостанай, Ақтөбе, Қарағанды, Алматы, Жетісу, Абай және Маңғыстау облыстарының жекелеген аудандарында төтенше өрт қаупі сақталады.
Бұған дейін Қазақстанның басым бөлігінде 27-29 тамыз аралығында жаңбыр, найзағай, бұршақ және шквал күтілетіні хабарланған болатын. Бірқатар өңірде ауа температурасы айтарлықтай төмендейді. Ал оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде аптап ыстық сақталып, ауа температурасы 37 градусқа дейін көтеріледі.
Осыған дейін Түркияның солтүстік-батысында орман өрті өршіп тұрғаны туралы жаздық.