29 жастағы қызылордалық 85 шақырым жолды жүгіріп өтті

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылордалық әуесқой спортшы Ақдәулет Абат 85 шақырым жолды жүгіріп өтіп, алғашқы белесін бағындырды.

Фото: Назерке Саниязова/Kazinform

29 жастағы желаяқ жедел жәрдем саласында еңбек етеді. Өзі тұратын Жалағаш ауданынан 3 шілде күні таңғы сағат төрттің шамасында шыққан. Облыс орталығына 10 сағат 12 минутта жетіп, мақсатын орындады.

Фото: Назерке Саниязова/Kazinform

— Бізге әртүрлі себеппен шақырулар түседі. Соның ішінде ентігу мазалайтындар кездеседі. Өзім бұған дейін газдалған сусын мен фастфудты жиі тұтынатынмын. Сол кездегі салмағым 94 килограмм болды. Науқастардың жағдайын көргеннен кейін мұның дұрыс еместігін біліп, салауатты өмір салтына бет бұрдым. Спортпен шұғылданып, жүгіруді қолға алдым. Соның арқасында салмағым 78 килограмға дейін түсті, өзімді жеңіл сезінемін. Ал бүгінгі марафоным арқылы жастарға үлгі көрсеткім келді, — деді Ақдәулет Абат.

Желаяқ жігіт ультрамарафонға 41 күн дайындалған. Ұзақ жолда Тереңөзек кентінің тұсында аяғы жарақаттанып, жедел жәрдем шақыруға тура келген. Дегенмен, жағдайы оңалғасын жүгіруді жалғастырған. Абат Ақдәулет өз жеңісін Айкөркем есімді қызына арнады.

Фото: Назерке Саниязова\Kazinform

— Енді бір ай демалып, күш жинап алып, Жалағаш ауданынан Алматыға дейін велосипедпен жеткім келеді. Ол үшін де біраз дайындық керек. Қазір спортты серік еткен жастар аз. Қатарластарыма осы бастамам арқылы алынбайтын қамал жоқ екенін дәлелдеуді мақсат етіп отырмын, — деді ол.

Бұған дейін 80 жастағы астаналық Оңтүстік Африка астанасы Кейптаунда өткен халықаралық марафонда бақ сынап, жарақат алса да, 42 шақырымдық қашықтықты соңына дейін бағындырған еді.