3 айда браконьерлікке байланысты 31 қылмыстық іс қозғалған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жылдың алғашқы 3 айында браконьерлікке байланысты қозғалған 31 қылмыстық істің ішінде киік ату фактілері де бар. Бұл жайында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті профилактикалық қызмет басқармасының табиғат қорғау полициясы тобының инспекторы Әлішер Жармағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Табиғат қорғаушы полиция қызметкерлері жылдың 3 айында 2507 әкімшілік және 31 қылмыстық құқық бұзу фактісін тіркеді. Әрине, заңды қатайтудың әсері бар. Бірақ ең әуелі қоғам санасына өзгеріс керек. Мектеп қабырғасынан бастап толерантты ұрпақ тәрбиелеуге күш салынуы қажет. Тек сонда ғана полиция қызметкерлері қоғаммен, белсенді азаматтармен бірлесіп браконьерліктің бетін қайтарып, келешек ұрпаққа сау экожүйені, жасыл Қазақстанды қалдыра аламыз», - деді ІІМ өкілі онлайн брифингіде.

Сондай-ақ, ол жыл басынан бері тіркелген өрескел фактілерге тоқталды.

«Мысалы, киіктерге жойылып кету қаупі төніп тұр. 2 ақпан күні Қарағанды облысында 1992 жылғы жігіт тізгіндеген көлік ұсталды. Тінту кезінде көліктен 844 мүйіз табылып, ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы бойынша күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал 5 наурызда Қостанай облысындағы ерекше қорғалатын аймақта қабан атқан браконьер ұсталды. Бұл факт бойынша 337-бап («Заңсыз аңшылық») бойынша тергеу шарасы тағайындалды», - деді Әлішер Жармағамбетов.

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Жұманалинның мәліметі бойынша, биыл елімізде балалардың қатысуымен 400-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген.