3 жылдық бюджет, мемлекеттік наградалар – Құрылтай депутаттары бірқатар заң жобаларын қарайды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Құрылтай отырысы өтеді. Онда депутаттар алдағы 3 жылдық бюджетті талқыға салып, мемлекеттік наградалар туралы Заңға енгізілетін өзгертулер мен толықтыруларды пысықтайды.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Айта кетейік, 9 қазанда Құрылтай спикері Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен бюрода бүгінгі отырыстың күн тәртібі белгіленді. Соған сәйкес депутаттардың қарауына 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға енгізілетін түзетулер шығарылады. Бұл түзетулермен депутаттар бұған дейін таныс болған.

Құрылтайдағы таныстыру рәсімінде баяндама жасаған Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлының мәліметінше, заң жобасы 37 баптан тұрады. 2027 жылдың үш негізгі көрсеткіші: кірістер — 25,4 трлн теңге, шығыстар — 30,2 трлн теңге, тапшылық 4,6 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,3%-ды құрайды.

- Бұл ретте бюджет тапшылығы 2029 жылы 0,4%-ға дейін төмендеуі болжанғанын атап өту қажет. Мемлекеттің меншікті кіріс базасы нығаюда. Меншікті кірістер 2029 жылға қарай 23,4 трлн теңгеге дейін өседі, — деген еді Абзал Бейсенбекұлы.

Республикалық бюджет тапшылығы 2027 жылы жалпы ішкі өнімге қатысты 2,3 пайыз деңгейінде айқындалып, 2028 жылы 1 пайызға және 2029 жылы 0,4 пайызға дейін кезең-кезеңімен төмендейді. Мұнайға қатысты емес тапшылық 2027 жылы жалпы ішкі өнімге қатысты 5,3 пайыздан 2028 жылы 3,5 пайызға және 2029 жылы 2,5 пайызға дейін қысқарады. Республикалық бюджеттің шығыс бөлігі параметрлері де бюджет қағидаларын қолдануды ескере отырып айқындалады. 2027–2029 жылдары шығыстардың өсу қарқыны 109,2–109,4 пайыз деңгейінде тұрақтандырылған. Атап айтқанда, республикалық бюджет шығыстары 2027 жылы 30,2 трлн теңге, 2028 жылы – 29,4 трлн теңге, 2029 жылы 29,6 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр.

Коллаж: Kazinform

Кепілдендірілген трансферт бюджет қағидаларына сәйкес 2027–2028 жылдары 2 трлн 430 млрд теңге, ал 2029 жылы 2 трлн теңге мөлшерінде айқындалған. Аса маңызды объектілер мен жалпы ел үшін маңызы бар жобаларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан 2027 жылы 2 трлн теңге және 2028–2029 жылдары жыл сайын 1,5 трлн теңге көлемінде нысаналы трансферт көзделген.

Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2027 жылы 65,2 млрд АҚШ доллары деңгейінде болжанып, 2029 жылы 70,6 млрд АҚШ долларына дейін ұлғаяды деп ескерілген.

Сонымен қатар, депутаттар «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға өзгерістер мен толықтыруларды екінші оқылымда қарайды. Түзетулерге Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Құрылтай депутаттары бастамашы болды. 7 қазанда депутаттар 1-оқылымда мақұлдаған құжат аясында музыка және бейнелеу өнері саласындағы екі жаңа ерекшелік белгісі – «Шәмші Қалдаяқов» медалін және «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу көзделген.

Құрылтай депутаты Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, заң жобасының негізгі мақсаты – отандық мәдениет пен өнердің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтардың еңбегін мемлекеттік деңгейде тану және оларды ынталандыру. Осы мақсатта екі жаңа ерекшелік белгісін енгізу ұсынылады.

– Біріншісі - «Шәмші Қалдаяқов» медалі. Аталған медаль отандық музыка өнері мен ән шығармашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан, жемісті қызмет атқарып, ерекше еңбек сіңірген азаматтарды марапаттауға тағайындалады. Екіншісі - «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағы. Бұл атақ бейнелеу өнері саласында жоғары кәсіби шеберлік танытып, үздік туындыларымен отандық көркем мәдениетті дамытуға елеулі үлес қосқан қайраткерлерге берілетін болады. Жаңа Конституцияда төл мәдениетімізді қолдау мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі ретінде бекітілді. Бұл марапаттар – осы конституциялық қағидатты жүзеге асырудың нақты тетіктерінің бірі, – деген еді Құрылтай депутаты.

Фото: ҚР Үкіметі

марлЕстеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Құрылтай отырысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданып, Ресеймен және Сербиямен ынтымақтастық жөніндегі халықаралық құжаттар ратификацияланды. Сонымен қатар депутаттар мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша 10 депутаттық сауал жолдады. Мәселен, депутат Дидарбек Ділдәбек жастарды синтетикалық есірткі тасымалынан, заңсыз қаржы айналымынан арашалау керектігін алға тартса, Арман Жансеңгіров консультативтік-диагностикалық көмекті күту мерзімдеріне қатысты түйткілді мәселелерді көтерді.

Ал Ләззат Қожахметова мектепке дейінгі ұйымдарға кезекке қою жүйесін қайта қарау мәселесін көтерді. Оның айтуынша, мемлекеттік қаржы нақты көрсетілген қызмет үшін төленуі керек. Сондықтан баланың балабақшада жай ғана тіркелуі емес, сол жерде шын мәнінде тәрбиеленіп, қызмет алуы басты өлшем болуы тиіс. Бұл мәселені кезек тұрғысынан емес, мектепке дейінгі білім беру жүйесінің тиімділігі ретінде қарастыру қажет.