Депутат баланы балабақшаға тіркеудегі кемшілікті атады

АСТАНА. KAZINFORM – Құрылтай депутаты Ләззат Қожахметова Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың атына жолдаған сауалында мектепке дейінгі ұйымдарға кезекке қою жүйесін қайта қарау мәселесін көтерді.

детский сад, балабақша
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

- Бүгінде балабақшаға кезек мәселесі көптеген ата-ана үшін өзекті. Әсіресе, Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалаларда мектепке дейінгі ұйымдарға сұраныс жоғары. 2025 жылы енгізілген ваучерлік қаржыландырудың негізгі мақсаты – бюджет қаражатын балабақшадағы нақты қызметке бағыттау және қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету. Қазір баланы мектепке дейінгі ұйымға тіркеудің екі жолы бар. Орын болса бала бірден балабақшаға қабылданады. Егер орын болмаса, күту тізіміне қойылады. Алайда күту тізіміне тұру үшін баланы алдымен басқа балабақшаға тіркеуі тиіс. Соның салдарынан мемлекеттік балабақшадан орын күткен ата-ана баласын көбіне жекеменшік мекемеге тіркеуге мәжбүр.

Нәтижесінде, бала бір балабақшада тіркелгенімен, іс жүзінде басқа балабақшадан орын күтеді. Бұл жерде «егер бала балабақшаға бармаса, мемлекет ол үшін ваучерлік қаржыны не үшін төлейді?» деген маңызды сұрақ туындайды. Расында, кейбір жекеменшік балабақшалар баланы іс жүзінде қабылдамай, тек құжат жүзінде тіркеп қояды. Ата-аналар мемлекеттік балабақшадан орын алу мүмкіндігін сақтап қалу үшін мұндай шартқа келісуге мәжбүр, - деді Л. Қожахметова Құрылтайдың жалпы отырысында.

Оның айтуынша, мемлекеттік қаржы нақты көрсетілген қызмет үшін төленуі керек. Сондықтан баланың балабақшада жай ғана тіркелуі емес, сол жерде шын мәнінде тәрбиеленіп, қызмет алуы басты өлшем болуы тиіс. Бұл мәселені кезек тұрғысынан емес, мектепке дейінгі білім беру жүйесінің тиімділігі ретінде қарастыру қажет.

- Біріншіден, ата-ана баласын басқа балабақшаға формалды тіркемей-ақ, өзі таңдаған ұйымның күту парағына тікелей қоюы керек. Екіншіден, бос орын пайда болған кезде, бала ашық әрі түсінікті кезектілікпен қабылдануы тиіс. Үшіншіден, мемлекеттік қаржы баланың нақты балабақшада болғанын және қызметтің көрсетілгенін растайтын цифрлық деректер негізінде төленуі қажет. Сондай-ақ «формалды тіркелу» мен «нақты тәрбиеде болу» ұғымының ара-жігін ажыратып, пилоттық жобалардың нәтижелерін қоғамға ашық жариялау маңызды. Мемлекет әр балаға қаржы бөледі. Ендеше сол қаржының артында нақты бала, нақты орын және нақты көрсетілген қызмет тұруы керек, - деді депутат.

Осыған байланысты министрліктен:

1. Ваучерлік қаржыны нақты көрсетілген қызметпен байланыстырып, баланың нақты қатысуын негізгі өлшем етуді;
2. Формалды тіркелген балаларды анықтайтын цифрлық бақылау жүйесін енгізіп, бір баланың бірнеше ұйымға негізсіз тіркелуіне жол бермеуді;
3. Күту парағындағы балалар саны мен нақты бос орындар арасындағы сәйкессіздікті азайту жөніндегі шараны әзірлеу ұсынылды.

Бұған дейін хабарланғандай, қосымша білім беруде 38 мыңнан астам талапты бұзу жағдайы әшкереленді.