30 қаңтарда елдегі қай жолдарда қозғалыс шектелді

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы елдегі жолдардың қазіргі ахуалы туралы хабарлады.

2026 жылғы 30 қаңтар сағат 08:00-дегі жағдай бойынша Маңғыстау облысында көктайғақ және қолайсыз ауа райына байланысты республикалық маңызы бар кейбір жолдарында көлік қозғалысы шектелді:

• «Доссор – Құлсары – Бейнеу – Сай-Өтес – Шетпе – Жетібай – Ақтау» республикалық жолының 338-632-шақырым аралығы (Бейнеу ауылы мен Шетпе ауылы арасындағы учаске);

• осы жолдың 632-718-шақырым аралығы (Шетпе ауылы мен Жетібай ауылы арасындағы учаске).

Сондай-ақ Павлодар облысында «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автожолындағы көпір өткелінің шеткі арқалықтары зақымдануына байланысты «Қалқаман» жол айрығы учаскесі – Қалқаман ауылына кіреберіс және Астана бағытына шығатын жол жабылды.

Еске салайық, бұған дейін «Қазгидромет» РМК 30 қаңтарда елдің басым бөлігінде ауа райына байланысты ескерту жасады.

Синоптиктердің болжамынша, Қазақстан аумағының басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа-райы сақталады. Тек елдің батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде атмосфералық фронтальды бөлімдердің өтуімен қар, жаяу бұрқасын болады. Республика бойынша жел күшейіп, тұман, көктайғақ болжанады.