30 мыңнан 450 мың теңгеге дейін: Қазақстан қалаларында бала күтушісінің қызметі қанша

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде бала күтушісінің қызметі 30 мың теңгеден басталып, 450 мың теңгеге дейін жетті. Қызмет ақысына жұмыс кестесі, баланың саны мен жасы, маманның тәжірибесі мен еңбек өтілі, сонымен бірге қосымша жүктемелері әсер етеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Фото: Kazinform/ЖИ

Сағатына бірнеше мың теңге

Қызметтің кең таралған түрінің бірі — бала күтушісі. Әр сағаты санаулы әрі ақылы. Жұмысбасты ата-ана үшін баланы балабақшадан алып кетіп, үйге апару, кешкілік баланы қарау қызметі өте қажет. Сонымен бірге демалыс күндері де бала күтушісінің көмегіне жүгінеді.

Өңірлердің басым бөлігінде бала күтушісі сағатына 1-2 мың теңге алады. Мысалы, Павлодарда сағатына 1 000 — 3 500 теңге есептелген. Ал Оралда 1 000 — 2 500 теңге, Таразда 1 000 — 5 000 теңге аралығында.

Алматыда бала күтушісі сағатына 2 000 теңге, білікті мамандар сағатына 3 000 — 5 000 теңге алады.

Астанада бала күтушісінің қызметі сағатына 2 000 теңгеден, ал бір күнге 8 000 теңгеден басталады. Егер бала емшек емсе және арнайы күтімді қажет етсе, қызмет ақысы өседі. Бірнеше баланың күтімін жасау керек болса да, ақысы жоғары болады.

Бала күтушісінің айлық жалақысы қанша

Бала күтушісі тұрақты жұмыс істесе қызмет ақысы қолжетімді болады. Ашық хабарландырулардағы ақпаратқа сүйенсек, Алматыда бала күтушінің жалақысы айына 180-300 мың теңге. Кейбірі 150 мың теңге алады. Егер маман тәжірибелі әрі білікті болса, жалақы мөлшері арта түседі.

Бағаны салыстыру кезінде ай сайынғы ең төмен қызмет құны Түркістанда 30-40 мың теңге аралығында, Семейде 60 мың теңге, Қарағанды мен Жезқазғанда шамамен 80 мың теңге болды.

Өңірлерде бала күтушісінің ай сайынғы орташа жалақысы 100-200 мың теңге болып тұр. Ірі қалаларда білікті бала күтушінің қызмет ақысы еселенеді. Мәселен, Астанадағы мамандандырылған агенттіктің хабарлауынша, педагогикалық білімі бар бала күтушісінің қызметі айына 450 мың теңге, ал отбасымен бірге тұрса, 500 мың теңгеден басталады. Бұл кәсіби білікті маман қызметі және оны қарапайым хабарландырудағы ұсыныспен салыстыруға болмайды.

Инфографика: Kazinform

Баға қай қалада жоғары

Қызмет ақысы Алматы, Астана қалаларында және ірі облыс орталықтарында жоғары. Баға тек қалаға қарай өзгермейді.

Ана сүтін еметін сәби, бірнеше бала, педагогикалық және медициналық білім, шет тілін білу, түнде де бала қарауға көмектесу, баланы мектепке, үйірмелерге тасу. Мұның бәрі бағаға әсер етеді.

Мысалы, Алматыда ана сүтін еметін сәбиге медициналық білімі бар маман қажет болса айына 200-400 мың теңге төлейді. Педагогикалық білімі бар маман 1-3 жастағы баланы бағып берсе айына 150-300 мың теңге алады.

Баға айырмашылығы неге жоғары

Баға бір ғана қызмет түріне қарай өзгермейді. Оған қосымша міндеттер әсер етеді. Соның ішінде баланың жасы, бала саны, жұмыс уақытының ұзақтығы, педагогикалық және медициналық біліктілігі, тәжірибесі кіреді. Қосымша міндеттемелер жүктесе, түнде де жұмысқа тартса, сол отбасымен бірге тұрса баға өзгереді.

Сондықтан алдын ала келісіп, жұмыс кестесін, міндеттерді бекітіп алған дұрыс. Мәселен бала күтушісі тек бірнеше сағат бойы бала бағып береді, ал педагогикалық білімі бар маман күні бойы баланы дамытумен айналысады. Екеуінің қызмет ақысы екі түрлі болады.

Бағаны салыстырған кезде ашық дереккөздерге сүйендік және қызмет ақысында айырмашылық болуы мүмкін.

Ата-аналар үшін бала күтушісінің қызмет ақысы ғана емес, қызмет түріне не кіретіні де маңызды.

Фото: Kazinform/ЖИ

Бұған дейін Қазақстандағы нотариус қызметтерінің құны туралы жазылды.