Қазақстанда нотариус қызметтерінің құны қанша

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Әділет министрлігі 2026 жылдың 1 қаңтардан бастап нотариаттық әрекеттерді жасауға, құжаттардың көшірмелері мен телнұсқаларын беруге, сондай-ақ нотариустардың кеңес беру қызметтеріне жаңа тариф енгізді. Kazinform тілшісі сенімхат, өсиет, жылжымайтын мүлік немесе автокөлікті сатып алу-сату шарттарын рәсімдеу бағасын анықтады.

нотариус
Фото: Kazinform/ЖИ

Жаңа тарифтер Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2025 жылғы 27 қыркүйектегі № 533 бұйрығымен бекітілді. Құжат Әділет министрлігінде тіркеліп, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді. Құжатқа сәйкес, жекеше нотариустың қызметіне ақы төлеу мөлшері айлық есептік көрсеткішпен (АЕК) белгіленеді. 2026 жылы бір АЕК 4 325 теңгені болды. Қызмет құны нотариаттық әрекеттің түріне, кейбір жағдайда мүліктің құнына, мәміле жасалатын жерге және оның қатысушыларының мәртебесіне байланысты болады.

Сенімхат құны қанша

Көп сұранысқа ие қызметтердің бірі — сенімхат рәсімдеу. 2026 жылы автокөлікті сатуға құқық бермей, оны пайдалануға және басқаруға арналған сенімхатты рәсімдеу құны 2 АЕК немесе 8 650 теңге болды.

Мүлікті пайдалануға және оған билік етуге арналған сенімхаттың құны 2,5 АЕК, яғни 10 813 теңге.

Жеке тұлғалар үшін басқа сенімхат түрлерінің тарифі 1,1 АЕК немесе 4 758 теңге болды. Заңды тұлғалар үшін бұл тариф 2,5 АЕК немесе 10 813 теңге болып белгіленген.

Өсиет және мұрагерлік

Жекеше нотариус өсиетті куәландырғаны үшін 3 АЕК, яғни 12 975 теңге алады.

Мұраға құқық туралы куәлікті беру құны 4 АЕК немесе 17 300 теңге болды.

Мұрагерлік мүлікті қорғау шараларын қабылдағаны үшін 8 АЕК немесе 34 600 теңге алады.

Ерлі-зайыптылардың және мүлкі ортақ бірлескен меншік құқығында болатын басқа да тұлғалардың ортақ мүлкіндегі үлесіне меншік құқығы туралы куәліктің құны 5 АЕК немесе 21 625 теңге болады.

Автокөлік мәмілелері

Автокөлікті иеліктен шығару туралы шартты нотариаттық куәландыру құны мәміленің кімдердің арасында жасалатынына байланысты.

Егер автокөлік балаларға, жұбайына, ата-анасына, туған аға-інілеріне немесе әпке-сіңлілеріне, сондай-ақ немерелеріне берілсе, тариф 4 АЕК немесе 17 300 теңге болады.

Басқа жеке тұлғалар арасындағы мәмілелер үшін 10 АЕК, яғни 43 250 теңге белгіленген.

Егер мәміле тараптарының бірі заңды тұлға болса, қызмет құны 12 АЕК немесе 51 900 теңге деп есептеледі.

Жылжымайтын мүлікті рәсімдеу құны қанша

Жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелер үшін бірыңғай сома белгіленбеген. Тариф нысанның қалалық немесе ауылдық жерде орналасуына, оның құнына және мәміленің кімдердің арасында жасалатынына байланысты өзгереді.

Қалалық жерде жылжымайтын мүліктің құны 30 АЕК-тен аспаса, балалар, жұбайы, ата-анасы, туған аға-інілері немесе әпке-сіңлілері, сондай-ақ немерелері үшін тариф 3 АЕК немесе 12 975 теңгені құрайды.

Өзге тұлғалар үшін тариф 8 АЕК немесе 34 600 теңге болады.

Егер нысанның құны 30 АЕК-тен асса, жақын туыстар үшін тариф 7 АЕК немесе 30 275 теңге, ал басқа тұлғалар үшін 12 АЕК немесе 51 900 теңге болып белгіленген.

Жылжымайтын мүлікті сатып алу кезінде мәмілені рәсімдеу үшін 4 АЕК немесе 17 300 теңге мөлшерінде тариф белгіленген.

Егер мәміле тараптарының бірі заңды тұлға болса, 17 АЕК немесе 73 525 теңге мөлшеріндегі тариф қолданылады.

Ауылдық жердегі тарифтер: жақын туыстар үшін 1,5 АЕК немесе 6 488 теңге, басқа тұлғалар үшін 2,7 АЕК немесе 11 678 теңге, ал тараптардың бірі заңды тұлға болған жағдайда 3 АЕК немесе 12 975 теңге болады.

Қазақстанда нотариус қызметтерінің құны қанша
Инфографика: Kazinform

Жалға алу, қарыз, неке шарты және басқа да келісім

Бекітілген тарифтер өзге де шарттарға қолданылады.

Жалдау, қарыз (ипотекалық тұрғын үй қарызын қоспағанда), кепілақы, лизинг, мердігерлік, неке шарты, ортақ меншіктегі мүлікті бөлу, мұрагерлік мүлікті бөлу, алимент төлеу туралы келісім және құрылтай шарты үшін бірыңғай 10 АЕК, яғни 43 250 теңге мөлшерінде тариф қарастырылған.

Кепілгерлік немесе кепілдік шартын куәландыру — 1,5 АЕК немесе 6 488 теңге.

Ипотекалық тұрғын үй қарызы шартын куәландыру үшін 4 АЕК немесе 17 300 теңге алынады. Жылжымайтын мүлік кепілі шартын куәландыруға да дәл осы тариф белгіленген.

Басқа кепіл шарттарын куәландыру үшін 10 АЕК немесе 43 250 теңге мөлшеріндегі тариф қолданылады.

Құжаттардың көшірмесі мен қолтаңбаны куәландыру

Құжаттардың көшірмесі және өзге де құжаттармен жұмыста бөлек тариф белгіленген.

Жеке тұлғаның құжаты немесе одан алынған үзіндінің көшірмесінің дұрыстығын куәландыру құны бір бетке — 0,1 АЕК немесе 433 теңге.

Заңды тұлға үшін бұл қызметтің құны 0,17 АЕК немесе шамамен 735 теңге болады.

Құжаттағы қолтаңбаның түпнұсқалығын немесе құжаттың бір тілден екінші тілге аудармасының дұрыстығын куәландыру жеке тұлға үшін 0,53 АЕК немесе шамамен 2 292 теңге болды.

Нотариаттық куәландырылған құжаттың көшірмесін беру құны 0,7 АЕК немесе 3 028 теңге болады.

Нотариаттық құжаттың телнұсқасын беру 3 АЕК немесе 12 975 теңге болды.

Нотариус кеңесінің құны қанша

Кеңес беру үшін 1 АЕК, яғни 4 325 теңге мөлшерінде тариф белгіленген.

Құжаттар мен бағалы қағаздарды сақтау құны айына 0,6 АЕК немесе 2 595 теңгені болды.

Демек 2026 жылы Қазақстанда жекеше нотариус қызметтерінің құны жекелеген құжаттарға қатысты бірнеше жүз теңгеден басталып, жылжымайтын мүлік, автокөлік және басқа да мәмілелерді рәсімдеу кезінде ондаған мың теңгеге дейін жетеді.

Тағы бір ескере кетерлік жайт, нотариаттық қызметтердің барлығы бірдей белгіленген тариф бойынша көрсетіледі дегенді білдірмейді. Нақты құны нотариаттық әрекеттің түріне және оған қойылатын талаптарға байланысты өзгереді.

Айта кетейік, өткен аптада Қазақстандағы көлік сақтандыру бағасы туралы жазылды.