30 тоннаға жуық: Астанада қымыз рекорды тіркелді

Фото: Дәулет Ізтілеу/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Қазір Астанада қымыз фестивалі өтіп жатыр. Гастрофестивальге ел өңірлерінен 30 тоннаға жуық қымыз әкелінді. Екі күн ішінде халық пен әділқазы алқасы үздік қымызды анықтайды.

— Бүгінгі фестиваль аясында қымыз рекордын жаңартып отырмыз, осы жерге бүкіл ел аумағынан 30 тоннаға жуық қымыз әкелінді, — деді «BaiQymyz» ұлттық тағамдар гастрофестивалі идеясының авторы, ұйымдастырушы Жұмажан Қалтаев.

Оның айтуынша, фестивальде үздік қымыз төрт әдіспен таңдалады. 

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

— Алдымен кез келген адам қымыздың дәмін көріп, ұнаған қымызға QR код арқылы дауыс бере алады. Екінші әдіс үздік қымызды әділқазылар алқасы бағалайды. Үшіншіден, қымыз өндіруші өз өнімін таныстырады, яғни презентация жасайды. Төртінші әдіс қымызға лабораториялық тұрғыдан зерттеліп, баға беріледі, — дейді ол.

Сондай-ақ ұйымдастырушы қымыз фестивалін өткізуді дәстүрге айналдыру жоспары барын айтты. 

— Қымыз фестивалі — ішкі және сыртқы туризмді дамытуға ықпал етеді деген үміттеміз, біз сол мақсатты көздеп отырмыз, — деп түсіндірді Жұмажан Қалтаев.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елордада «BaiQymyz» ұлттық тағамдар гастрофестивалі өтіп жатыр

Гастрофестивальді ұйымдастырушылар халқымыздың дәстүрлі тағам мәдениетін, соның ішінде қымыз өндіру дәстүрін жаңғыртып, халықаралық деңгейге ілгерілету мақсатын көздеп отыр. 

Сондай-ақ қымыз өндірушілер «Ең үздік қымыз» атағы үшін таласады. Жүлде қоры — 45 миллион теңге (I орын — 20 млн теңге, II орын — 15 млн теңге, III орын — 10 млн теңге).

Байқаудың мақсаты — еліміздегі ең сапалы әрі шипалы қымызды анықтау.